
Бүгінде әлемде ауаның ластануы – адамзат алдында тұрған ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Осы түйткілді шешуге бағытталған маңызды қадам ретінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті базасында қалалық ортаға арналған автономды экологиялық зертхана іске қосылды. «EcoLab» деп аталатын бұл зертхана Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Қалалық ортаны сауықтыру үшін экоконструкциялық модульдердің инновациялық технологиясын әзірлеу» ғылыми жобасы аясында ашылды. Жоба жетекшісі – университеттің «Экология» кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Абдуова.
«Зертхана ұлттық киіз үйдің пішінінде экологиялық таза материалдардан жасалған. Ол гидропоника жүйесімен, ауаны тазартуға арналған фитофильтрлермен, күн панельдерімен, сондай-ақ метеостанция және түрлі датчиктермен жабдықталған. Жобаның негізгі мақсаты – урбандалған аймақтардағы қоршаған ортаны сауықтыру. Зертханада ауыр металдардың мөлшерін анықтау жұмыстарымен қатар, қоршаған ортаны залалсыздандыру бағытында да зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі таңда ғалымдарымыз, докторанттар, магистранттар және студенттеріміз осы жерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр», – дейді Айсұлу Абдуова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды үнемдеуде цифрлық жүйелерді енгізудің маңызын атап өткен болатын. Осы бағытта «Экология» кафедрасының студенті Гүлсім Нұрлыбек аталған зертханада су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өсімдіктерді көбейту және оларды ғылыми негізде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Жалпы жоба қалалық ортадағы ауа сапасын жақсартып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Нәтижесінде қаладағы ауадағы PM2.5 бөлшектерінің мөлшерін жергілікті деңгейде шамамен 20–30 пайызға дейін азайту күтіледі. Сондай-ақ қалалық микроклимат жақсарып, ауа температурасы 1–2°C-қа төмендеуі мүмкін. Бұл бастама қаланың көгалдандырылуын арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі таза қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобаның ерекшелігі – онда экологиялық құрылғылар, заманауи технологиялар және қала кеңістігін жоспарлау идеялары бір жүйеде біріктірілген. Бұған қоса қоршаған ортаның жағдайын нақты уақыт режимінде цифрлық мониторинг арқылы бақылау мүмкіндігі бар. Жоба Қазақстанның құрғақ климаттық жағдайын ескере отырып әзірленгендіктен, оны еліміздің көптеген қалаларында қолдануға мүмкіндік бар.