Ғылым – қоғам игілігіне: жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауды жеңілдететін технология

Ғылым – қоғам игілігіне: жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауды жеңілдететін технология

Ғылым – қоғам игілігіне: жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауды жеңілдететін технология

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында бастау алған «Ғылым – қоғам игілігіне» айдары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар легін ұсынады.

Осы айдардың кезекті кейіпкері – Қозыбаев университетінің Инженерия және сандық технологиялар факультетінің PhD докторы, зерттеуші Саят Молдахметов.

Жас ғалым ғылыми қызметпен белсенді айналысып келеді. Қазіргі уақытта ол вейвлет-технологиясын қолдану арқылы биомедициналық сигналдарды қабылдау және таратуға арналған аппараттық-бағдарламалық Wi-Fi интерфейсін әзірлеп жатыр. Жоба дәрігерлердің жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Саят Молдахметов ғылым саласында 20 жыл бойы еңбек етіп келеді. 2018-2020 жылдары «Электрокардиодиагностиканың сымсыз автоматтандырылған жүйесін әзірлеу» атты гранттық жобаның мүшесі болды. Сонымен қатар мемлекеттік ғылыми стипендиялардың иегері атанды.

Ғалым сондай-ақ көпдеңгейлі қуат инверторының қуатын арттыру әдістерін әзірлеу жобасына жетекшілік етті. Аталған жобаға 18 миллион теңгеден астам көлемде гранттық қаржыландыру бөлінді.

Зерттеушінің 30-дан астам ғылыми жарияланымы бар, оның ішінде Scopus дерекқорына енген, импакт-факторы бар халықаралық журналдарда жарияланған 13 мақаласы бар. Саят Молдахметов төрт өнертабыс патентінің, төрт пайдалы модель патентінің және екі монографияның авторы.

Ол ғылыми зерттеулерін Польшадағы Люблин техникалық университетінде және Финляндиядағы Шығыс Финляндия университетінде өткен халықаралық ғылыми тағылымдамалар аясында жүргізді.