Абай облысын кешенді археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері жарияланды

Абай облысын кешенді археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері жарияланды

Абай облысын кешенді археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері жарияланды

Шәкәрім университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Іс-шара Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – Абай облысы аумағында жүргізіліп жатқан кешенді тарихи-археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижелерін ғылыми қауымдастыққа ұсыну, жаңа деректерді кәсіби ортада талқылау және алдағы ғылыми ізденістердің басым бағыттарын айқындау.

Жиынға еліміздің жетекші археологтары мен тарихшылары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Конференция барысында соңғы жылдары жүргізілген далалық барлау, археологиялық қазба және зертханалық-талдамалық жұмыстар нәтижесінде алынған жаңа ғылыми деректер таныстырылды. Археологиялық нысандарды анықтау, олардың мәдени-хронологиялық сипаттамасын жүйелеу, материалдық мәдениет үлгілерін ғылыми айналымға енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Республикалық конференцияны Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков ашып, Абай облысының тарихи-археологиялық әлеуетіне және өңірлік зерттеулердің стратегиялық маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде аймақтың археологиялық ескерткіштерге бай өңір екендігін атап өтіп, кешенді зерттеулер нәтижесінде көне және ортағасырлық кезеңдерге қатысты тың ғылыми тұжырымдар қалыптасып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ бұл бастама Шәкәрім университеті мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты арасындағы нәтижелі ғылыми әріптестіктің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Конференция аясында археологиялық мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи тәсілдері, өңірдің көне және ортағасырлық тарихи кешендерін зерделеудің жаңа әдіснамалық қырлары қарастырылды. Зерттеушілер жаңадан табылған артефактілердің аймақтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихындағы орнына ғылыми баға берді.

Сонымен қатар ғылыми қауымдастық назарына бірқатар еңбектердің тұсаукесері ұсынылды. Атап айтқанда, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Зейнолла Самашұлының «Қазақ Алтайының ежелгі тұрғындарының бейнелеу өнері», Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының этноархеология зерттеу тобының жетекшісі Орынбай Ошановтың «Қазақтың шаруашылық күнтізбесі – даланың мәдени құбылысы», сондай-ақ ҚХР, Нанкин университеті тарих факультетінің оқытушысы Бақыт Еженханұлының II томдық «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары» атты еңбектерінің таныстырылымы өтті.

Республикалық конференция Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасын жүйелі зерттеу ісіне жаңа серпін беріп, ғылыми нәтижелерді кеңінен таратуға мүмкіндік жасады. Іс-шара барысында қалыптасқан ғылыми пікірталастар мен ұсыныстар алдағы зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын айқындауға негіз болды.

Аталған бастама өңірлік археологиялық зерттеулердің жаңа кезеңін қалыптастырып, отандық археология ғылымының дамуына елеулі үлес қосуға бағытталған маңызды ғылыми алаң ретінде бағаланды.