Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қазаншұңқырында ауқымды далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми экспедиция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясындағы «Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттары: хронологиясы, кеңістіктік талдау және шаруашылық жүйелері» жобасын жүзеге асырып жатыр.
Далалық жұмыстар барысында ғалымдар Қалжыр мен Боран ауылдарының арасында орналасқан Қалжыр қалашығын жан-жақты зерделеді. Ескерткіштің аумағы 25 гектардан асады. Археологтар қамалдың оңтүстік бөлігіндегі негізгі бекініс құрылыстарының қалдықтарын аршып, олардың едәуір бөлігі өрт салдарынан қирағанын анықтады. Зерттеу кезінде ғимараттардың ішкі құрылым элементтері, саз едендер, өрнек іздері сақталған сылақтар, сондай-ақ қамыс пен балшықтан жасалған құрылыс бөліктері табылды.
Археологиялық олжалар мен радиокөміртектік талдау нәтижелеріне сәйкес бұл нысан б.з. VI-VII ғасырларына жатады. Алдын ала болжам бойынша қалашықтың салынуы Бірінші Түрік қағанатының өмір сүрген кезеңімен байланысты. Табылған жәдігерлердің қатарында күйген бидай мен бұршақ дәндері, қыш ыдыстар, сондай-ақ ішінде сылдырмақ шаршығы бар құстың сирек кездесетін қыш мүсіншесі бар.
«Зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы анықталды. Бұл олжа негізгі таралу аймағы Шыңжаң мен Моңғолия болатын мұндай ескерткіштердің батыс шекарасы туралы ғылыми түсінікті кеңейте түсті. Жиналған деректер өңірдің цифрлық модельдері мен геоақпараттық жүйесін әзірлеуге пайдаланылады», – дейді экспедиция жетекшісі, ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Никита Константинов.
Жобаға ҚазҰУ тарих факультетінің ғалымдары және студенттерімен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Археологиялық технологиялар және ғылым орталығының, сондай-ақ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қатысты. Жас зерттеушілер далалық жұмыстар барысында аэро- және жылу түсірілімін жасау сияқты заманауи археологиялық геодезия әдістерін іс жүзінде меңгерді.
Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесі аясында ғылым, бизнес, көшет шаруашылығы саласының өкілдері, көгалдандыру және ландшафттық құрылыс мамандары Қазақстанның жасыл инфрақұрылымын дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Іс-шарада құрғақ әрі тұзды топырақ жағдайларына бейімделген бағалы ағаш түрлерін көбейту және өсіруге бағытталған отандық биотехнологиялық әзірлемелер таныстырылды.
Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты Azimut Green серіктестігімен көкшіл жапырақты тораңғыны (Populus pruinosa Schrenk) және әртүрлі жапырақты тораңғыны (Populus euphratica Oliv.) биотехнологиялық әдіспен көбейту және өсіру бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижелерін ұсынды.
Көрмеге келушілер өсімдік материалын алудың толық циклін – in vitro жағдайында өсіруден бастап, әртүрлі жастағы бейімделген көшеттерге дейінгі үдерісті көре алды. Ұсынылған технология бағалы ағаш түрлерінің көшет материалын өндіру көлемін заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.
Тораңғы Қазақстанның қуаң өңірлеріндегі табиғи экожүйелердің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Бұл ағаш түрлері құрғақшылық пен тұзға төзімділігімен ерекшеленеді, шөл және шөлейт аймақтардың күрделі жағдайларына бейімделе алады. Сондай-ақ тораңғы тоғайлы экожүйелерді сақтауда маңызды рөл атқарады.
Климаттың өзгеруі, шөлейттену, топырақтың тұздануы және жердің деградациясы жағдайында тораңғыны пайдалану ерекше өзекті болып отыр. Тоғайлы ормандарды қалпына келтіру және аумақтардың ормандылығын арттыру мақсатында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жыл сайын тораңғы көшеттері отырғызылады. Алматы облысында тораңғы Іле ботаникалық бағының Бақанас ауылы маңындағы Үшжарма шатқалында орналасқан аумағына да отырғызылуда. 2026 жылы тораңғы көшеттері Қызылорда облысының аумағына да отырғызылды.
Сонымен қатар Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экопарк құру және жасыл аймақтарды дамыту кезінде тораңғыны пайдалану жоспарланып отыр.
Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты – Қазақстанда тораңғыны тиімді көбейту және оның көшет материалын алу бойынша өзіндік биотехнологияларды әзірлеуде елеулі нәтижеге қол жеткізген жалғыз ғылыми ұйым.
Алынған көшеттерді құрғақ әрі тұзданған аумақтарды көгалдандыру, қорғаныш орман екпелерін құру, жылжымалы құмдарды бекіту, деградацияға ұшыраған экожүйелерді қалпына келтіру, сондай-ақ Қазақстан қалаларындағы жасыл аймақтар мен саябақтарды дамыту үшін пайдалануға болады.
Институттың Green Spaces Conference & Expo 2026 көрмесіне қатысуы отандық ғылыми әзірлемелерді кәсіби қоғамдастыққа таныстыруға, оларды практикалық тұрғыдан қолдану мүмкіндіктерін талқылауға және технологияларды одан әрі ауқымдандыру бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының Azimut Green компаниясымен ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді көгалдандыру, орманды қалпына келтіру және Қазақстанның табиғи экожүйелерін сақтау салаларында практикаға енгізудің нақты мүмкіндіктерін көрсетеді.
Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты ауыр металдардан, радиоактивті элементтерден және органикалық ластағыштардан кешенді тазартуға арналған технологиялар әзірледі. Зертханалық сынақтар барысында жекелеген ластағыштарды жою тиімділігі 99%-ға дейін жетті. Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында да сынақтан өткізілді.
Технологиялардың негізін ластағыш заттарды сіңіріп, ұстап қалатын сорбциялық материалдар құрайды. Олар табиғи шикізат пен өсімдік қалдықтары негізінде алынады. Бұл ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, олардан су мен топырақты тазартуға арналған тиімді материалдар өндіруге мүмкіндік береді.
Зерттеудің негізгі бағыттарының бірі – суды радиоактивті элементтерден тазарту. Ғалымдар әзірлеген сүзгі материалы су құрамындағы стронций-90 мөлшерін 99%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Цезий-137-ні жоюға арналған тазарту жүйелері де жоғары тиімділік көрсетті.
Кәдімгі сүзгілеу әдістерімен тазарту қиын болатын ластағыштарды жою үшін ғалымдар суық плазма технологиясын қолданды. Электр разрядының әсерінен күрделі органикалық қосылыстар қарапайым заттарға дейін ыдырайды. Зертханалық сынақтар барысында бұл әдіс модельдік органикалық ластағыштың 99%-дан астамын шамамен 30 минут ішінде жоюға мүмкіндік берді. Технологияны суды залалсыздандыруға және өндірістік ағын суларды қосымша тазартуға да қолдануға болады.
Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында сынақтан өткізілді. Сынақ нәтижелері негізінде ғалымдар суды алдымен қоспалар мен тұздардан тазарту, кейін қосымша сүзу және қайта пайдалануға дайындау кезеңдерін қамтитын көпсатылы жүйе ұсынды. Құрамында уран бар ерітінділермен де жеке сынақтар жүргізілді. Алынған нәтижелер көпсатылы тазарту жүйесін одан әрі жетілдіру үшін пайдаланылады.
Зерттеу жұмыстарының тағы бір бағыты – ластанған топырақты қалпына келтіру. Ғалымдар топыраққа биокөмір қосу мыс, мырыш, кадмий және қорғасынды байланыстырып, олардың топырақтағы жылжымалылығын төмендететінін анықтады. Сонымен қатар бұл тәсіл топырақтың биологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді. Әзірлемелер Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді.
Жобаның маңызды ерекшелігі – тазарту тиімділігімен қатар технологиялардың экологиялық және экономикалық тиімділігін бағалау. Ғалымдар жаңа материалдардың көміртек ізін ескере отырып, олардың өмірлік циклін бағалады.
«Өсімдік шикізатын пайдалану, сорбенттерді қайта қолдану және химиялық реагенттерді аз қажет ететін технологияларды енгізу қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, тазарту шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді жоба жетекшісі, профессор, PhD Тоқтарбай Жексенбек.
Зерттеулер BR27199301 «Қоршаған ортаны антропогендік ластанудан және климаттың өзгеруінен қорғауға арналған климаттық бейтарап жаңа материалдарды, озық технологиялар мен әдістерді әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізіледі.
Бағдарлама аясында Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін ғылыми журналдарда 17 мақала, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 8 мақала жарияланды. Пайдалы модельдерге төрт патент алынды, тағы екі патенттік өтінім сараптамадан өтіп жатыр. Екі магистрлік және екі докторлық диссертация дайындалды. Сонымен қатар әзірлемелердің оқу үдерісіне және практикалық қызметке енгізілгенін растайтын екі акт алынды. Ағын суларды қайта пайдалану тұжырымдамасы да әзірленді.
Зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Ғалымдар бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған Польша грантын жеңіп алды. Сонымен қатар Жапонияның Атом энергиясы агенттігінен (JAEA) ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырту алды.
Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында «М.О.Әуезов және көркем аударма» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дәстүрлі ХХІІ «Әуезов оқулары» аясында ұйымдастырылған жиын көрнекті әдебиеттанушы Евгения Лизунованың туғанына 100 жыл толуына арналды. Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырды.
Жиында Мұхтар Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, шығармаларының өзге тілдерге аударылуы және әлемдік әдеби кеңістікте қабылдануы қарастырылды. Сонымен қатар Е.В.Лизунованың әуезовтануға қосқан үлесі мен қазақ әдебиетін зерттеудегі ғылыми мұрасына ерекше назар аударылды.
Конференция жұмысы Мұхтар Әуезов және аударма теориясы, М.О.Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, көрнекті әдебиеттанушы Е.В.Лизунованың әуезовтанудағы еңбектері, Е.В.Лизунова және қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері сияқты төрт бағытты қамтыды.
Конференцияда Армения мен Өзбекстан ғалымдарының баяндамалары оқылды. Шетелдік зерттеушілердің ғылыми тұжырымдары жиынның халықаралық мазмұнын кеңейтіп, Әуезов мұрасын зерттеудегі тәжірибе алмасудың маңызын айқындады. Бұл баяндамалар ұлттық әдеби мұраны өзге мәдениеттермен сабақтастықта қарастыруға және әдебиеттану саласындағы ғылыми байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Конференция тақырыбының өзектілігі қазақ әдебиетін әлем оқырманына сапалы аударма арқылы жеткізу міндетімен байланысты. Әуезов шығармаларындағы тарихи шындықты, ұлттық дүниетанымды, тілдік өрнек пен кейіпкерлердің психологиялық тереңдігін басқа тілде беру аудармашыдан көркемдік шеберлік пен терең мәдени танымды талап етеді.
Осы тұрғыдан жазушының аудармашылық тәжірибесін және туындыларының өзге тілдегі нұсқаларын зерделеу ұлттық әдебиеттің көркемдік болмысын сақтаудың жолдарын айқындауға көмектеседі. Көркем аударманы ғылыми тұрғыдан бағамдау қазақ сөз өнерінің халықаралық деңгейде танылуы үшін де маңызды.
Жиынның маңызды бөлігі Е.В.Лизунованың әуезовтану саласындағы еңбектері мен қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерін саралауға арналды. Ғалымның мұрасын зерделеу Әуезов шығармашылығын зерттеу тарихын тереңірек түсінуге, қалыптасқан ғылыми дәстүрлерді қазіргі ізденістермен сабақтастыруға жол ашады.
Шараның мәдени-танымдық бағдарламасына М.О.Әуезов мұражай-үйінің экспозицияларымен танысу, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қорынан әзірленген кітап көрмесі және М.О.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының «Еңлік-Кебек» пьесасынан сахналық үзіндісі енгізілді. Бағдарламаның бұл бөлігі ғылыми ізденісті әдеби мұраны насихаттаумен ұштастырып, жас ұрпақтың классикалық шығармаларға қызығушылығын арттыруға бағытталды.
ХХІІ «Әуезов оқулары» әдеби мұраны зерттеу, аудару және әлемге таныту мәселелерін ортақ ғылыми талқылауға ұсынды. Жиынның басты құндылығы – Әуезов мұрасының халықаралық маңызын ашып, көркем аударманың мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудегі орнын айқындауында.
Назарбаев Университетінде (NU) «Еуразия даласының ұлы белдеуі: уақыт пен кеңістіктегі мәдениеттердің трансформациясы» тақырыбындағы II халықаралық археологиялық симпозиум өтті. Симпозиумды ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Назарбаев Университеті бірлесіп ұйымдастырды. Симпозиум Археология институтының 35 жылдығына орай өткізілді.
Симпозиум жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және басқа елдерден келген 150-ден астам зерттеуші қатысты.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Төлегенұлы құттықтау сөзін сөйледі. Ол симпозиумның отандық археологияны дамыту және оның халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялануы үшін маңызын атап өтіп, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Қатысушыларды Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад та құттықтады. Ол симпозиумның Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы жылы өтуінің нышанды мәнін атап өтіп, университет археологтарының тас дәуірінің ежелгі тұрақтары мен даладағы көшпелі мәдениеттер ескерткіштерінен бастап ХХ ғасыр нысандарына дейінгі ел тарихын зерттеуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Бұл зерттеулер қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі.
Пленарлық отырыста Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы «Қазақстан археологиясының 35 жылы: ғылыми жетістіктер, жаңа бағыттар және даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол тәуелсіздік жылдарындағы отандық археологияның дамуы, бұл үдерістегі Институттың рөлі және алдағы зерттеулердің перспективалары туралы айтты.
Пленарлық отырыста Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші ғалымдары да сөз сөйледі. Олардың қатарында ҚР ҰҒА академигі Жәкен Таймағамбетов, Ресей ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы институтының директоры Андрей Поляков, Солтүстік-Батыс университетінің (Сиань қ., ҚХР) профессоры Ван Цзяньсинь, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зайнолла Самашев және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Антропология институтының директоры Фархад Мақсұдов бар. Ғалымдар өз баяндамаларында Қазақстанның үңгір ескерткіштерін, қола дәуірін, даланың ежелгі мәдениеттерін және жылқы шаруашылығының ерте тарихын зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Симпозиумның нәтижелерінің бірі – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Шэньси провинциясының (ҚХР) Мәдени мұра және археология институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Шэньси институтын Чун Цяньрун басқарады. Құжат Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін бірлесіп зерттеуді көздейді.
Халықаралық археологиялық симпозиум алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында өтіп, Орталық Азия археологиясының өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Сол кезде зерттеулердің тас және қола дәуірлерін кезеңдеу, ерте көшпелілер мұрасын зерттеу және далалық қала мәдениетінің қалыптасуы деген негізгі бағыттары айқындалды. Бұл тақырыптар екінші симпозиум бағдарламасында одан әрі жалғасын тапты.
II симпозиум бағдарламасы пленарлық отырыс пен төрт тақырыптық панельдік сессиядан тұрды:
«Үңгірлер – Еуразияның тас дәуірінің археологиялық архиві»: Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ, Сібір және Батыс Еуропадағы үңгір ескерткіштерін зерттеу, археологиялық микроморфология әдістері және жартас өнерін зерттеу;
«Қола дәуірінің протоиндустриалды ландшафттары»: қола дәуірінің тау-кен металлургиялық кешендері, металдар мен технологиялардың таралуы, Еуразияның өңіраралық байланыстары;
«Дала өркениетінің феномені: билік, қоғам және мәдени трансформация»: көшпелі әлемнің қалыптасуы, далалық қоғамдардың әлеуметтік-саяси ұйымдасуы, киелі ландшафттар, мүсіндеу дәстүрі, көші-қон;
«Қазақстанның ортағасырлық археологиясының өзекті мәселелері»: ерте ортағасырлық қоныстардың урбандалуы, нумизматика, керамика дәстүрлері, жаңа антропологиялық деректер және кеңістіктік талдау әдістері.
Симпозиум аясында «Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының басылымдары (2021–2025 жж.)» тақырыпты кітап көрмесі және «Уақытпен тілдескенде...» фотокөрмесі жұмыс істеді. Кітап көрмесінде Институттың соңғы бес жылдағы ғылыми басылымдары ұсынылды. Фотокөрмеде экспедициялардың, олжалардың және алғашқы реконструкциялардың сирек кездесетін архив кадрлары арқылы отандық археология тарихы көрсетілді.
Симпозиум жаңа ғылыми деректерді алмасуға және Еуразия археологиясының өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң болды, сондай-ақ қазақстандық археологтардың шетелдік әріптестерімен халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті
аралық есептер бойынша:
іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекеттің жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдардың жыл сайынғы есептері (2026-2028 жылдарға арналған ФҒЗ BR317).
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 630 бұйрығымен бекітілген «Бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алу қағидаларына» сәйкес, есептер мен қысқаша мәліметтерді қабылдау жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жетекшілерінің және ұйым басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы автоматтандырылған ақпараттық жүйеде (http://is.ncste.kz) электрондық форматта жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 бұйрығының «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – Қағидалар) 65-тармағына сәйкес, бағдарламалық - нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындаушылар уәкілетті органға ағымдағы есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы аралық және қорытынды есептерді ұсынады.
Сонымен қатар, шартқа сәйкес жұмыстарды көрсетілген мерзімде орындамаған жағдайда, Орындаушы әрбір мерзімі өткен күнтізбелік күн үшін жобаның жалпы сомасының 0,03% мөлшерінде бюджет кірісіне тұрақсыздық айыбын төлейтініне назар аударуды сұраймыз.
Орындаушылар аралық есептерді келесі талаптарға сәйкес дайындауы қажет:
Сұрақтар бойынша «ҰМҒТСО» АҚ Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментіне хабарласуға болады: тел. +7 (727) 222-11-02 (ішкі 400, 401, 402, 404, 412, 413, 414, 415, 416, 417).
24 қыркүйекте Ғылым ордасында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, 2027–2029 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін түсіндіру жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді.
Жұмыс кеңесінің негізгі тақырыбы ҚР ҰҒА-ның ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау жөніндегі ауқымды атқарылған жұмысына арналды. ҚР ҰҒА-ның бас ғалым хатшысы Тоқбергенов Исмаил Тасанбиұлы өз баяндамасында жаңа интеграцияланған бағыттардың терең әрі жан-жақты ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелері негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.
Кеңес барысында табиғи-өндірістік жүйелерді басқаруды, ғылыми білімнен өндіріске дейінгі толық технологиялық тізбекті дамытуды, денсаулық пен өмір сапасын арттыруды, мемлекет пен қоғамның кешенді қатерлерге төзімділігін нығайтуды, сондай-ақ ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздіктің негізі ретіндегі іргелі зерттеулерді қамтитын бес интеграцияланған басым бағытты қалыптастыру логикасы таныстырылды.
Ұсынылған басым бағыттар 70 сараптамалық сессия мен 220-ға жуық ғылыми-технологиялық міндетті қамтыған ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелеріне, стратегиялық құжаттарды, әлемдік үрдістерді және елдің ғылыми әлеуетін талдауға негізделген. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – ғылыми ресурстарды ұзақ мерзімді ұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыру, зерттеулердің қайталануын азайту және ғылым, мемлекеттік басқару, экономика мен қоғам қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайту.
Басым бағыттарды ірілендіру салалық маманданудан бас тартуды немесе қаржыландыруды біртұтас, бөлінбейтін бюджетке біріктіруді білдірмейтіні атап өтілді. Ауыл және су шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, көлік, цифрландыру, ұлттық қауіпсіздік, білім беру және басқа да салалардағы нақты міндеттер мамандандырылған ғылыми бағыттар арқылы нақтыланатын болады.
Мамандандырылған ғылыми бағыттарды (МҒБ) аналитикалық негіздеме негізінде қалыптастыру тәртібіне ерекше назар аударылды. Мұндай негіздемеде мәселенің мазмұны, қолда бар ғылыми негіз, әлемдік үрдістер, қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым, күтілетін нәтижелер, әлеуетті пайдаланушылар және практикалық қолдану шарттары көрсетілуге тиіс. Бұл ретте МҒБ мәртебесі белгілі бір ұйымды немесе жобаны автоматты түрде қаржыландыруды білдірмейді: конкурстық іріктеу мен тәуелсіз ғылыми сараптама сақталады.
МҒБ тетігі арқылы ҚР ҰҒА-ның Ғылым комитетімен және салалық министрліктермен жүргізетін нақты әрі нысаналы жұмысына ерекше мән берілді. МҒБ ұзақ мерзімді мақсатты дәйектермен негізделген ғылыми міндетке айналдыратын құрал ретінде қызмет етеді. Бұл жүйеде ҚР ҰҒА ғылыми-талдамалық негіз әзірлейді, ал салалық мемлекеттік органдар сұраныс пен әзірлемелерді енгізу шарттарын растайды.
Жұмыс кеңесі мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктірді. Оған салалық министрліктердің, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның және ғылыми ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) мүшелері қатысты. Ашық диалог форматы жаңа саясаттың барлық қырын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді.
Қатысушылар ғылыми қоғамдастық, мемлекеттік органдар және сараптамалық құрылымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесін де талқылады. Ғылыми ұйымдар ұсынылатын шешімдердің негізділігін қамтамасыз етеді, салалық мемлекеттік органдар нәтижелердің практикалық сұранысқа ие екенін және оларды қолдану шарттарын растайды, ал сараптамалық органдар қойылған міндеттердің ғылыми сапасы мен іске асырылу мүмкіндігін бағалайды.
ҚР ҰҒА бас ғылыми хатшысы мен Академия өкілдері салалық мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) мүшелерінің және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің барлық сұрағына жауап берді. Жаңа модельдің салалық мамандануды жоймайтыны жан-жақты түсіндірілді. Пәндік жауапкершілік пен бейінді сараптама МҒБ аясында сақталады, сонымен бірге МҒБ деңгейі жобаларды тәуелсіз конкурстық сараптауды алмастырмайды.
Ашық талқылау барысында мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері басым бағыттардың мазмұны, мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру тетіктері жөнінде ұсыныстар айтты. Түскен ұсыныстар жобаға одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қорытынды есептер бойынша:
2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2024 – 2026 жылдарға арналған ГҚ конкурсы AP234);
2024-2026 жылдарға арналған жас ғалымдар гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2024-2026 жылдарға арналған ЖҒК AP227);
2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» AP226);
2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша (2024-2026 жылдарға арналған БНҚ конкурсы BR249);
2025-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша (2024-2026 жылдарға арналған БНҚ конкурсы BR271);
2025-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша (2024-2026 жылдарға арналған БНҚ конкурсы BR285).
аралық есептер бойынша:
2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша (2025-2026 жылдарға арналған БНҚ конкурсы BR287).
қысқаша мәліметтер:
2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» AP257);
2025-2027 жылдарға арналған жас ғалымдар гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2025-2027 жылдарға арналған ЖҒК AP275);
2025-2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберіндегі жобалар бойынша (2025 – 2027 жылдарға арналған ГҚ конкурсы AP261); қысқаша мәліметтерді қабылдайтыны туралы хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 630 бұйрығымен бекітілген «Бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алу қағидаларына» сәйкес, есептер мен қысқаша мәліметтерді қабылдау жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жетекшілерінің және ұйым басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы автоматтандырылған ақпараттық жүйеде (http://is.ncste.kz) электрондық форматта жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 бұйрығының «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – Қағидалар) 65-тармағына сәйкес, бағдарламалық–нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындаушылар уәкілетті органға ағымдағы есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы аралық және қорытынды есептерді ұсынады.
Қағидалардың 40-тармағына сәйкес, гранттық қаржыландыру шеңберінде орындаушылар уәкілетті органға ағымдағы есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей (жоба аяқталғаннан кейін) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды есептерді ұсынады.
Іске асырылуы келесі күнтізбелік жылға ауысатын гранттық қаржыландыру шеңберіндегі шарттар бойынша грант алушылар ағымдағы есепті жылдың 15 қарашасынан кешіктірмей сараптама орталығының цифрлық жүйесі арқылы күнтізбелік жоспарға сәйкес жобаны іске асыру туралы қысқаша мәліметтерді сараптама орталығына ұсынады.
Сонымен қатар, шартқа сәйкес жұмыстарды көрсетілген мерзімде орындамаған жағдайда, Орындаушы әрбір мерзімі өткен күнтізбелік күн үшін жобаның жалпы сомасының 0,03% мөлшерінде бюджет кірісіне тұрақсыздық айыбын төлейтініне назар аударуды сұраймыз.
Орындаушылар аралық және қорытынды есептерді келесі талаптарға сәйкес дайындауы қажет:
• Есептер МЕМСТ (ГОСТ) 7.32-2017 талаптарына сәйкес рәсімделуі тиіс (қосымша тіркелген);
• Есептерді тапсыру тілі: мемлекеттік немесе орыс тілі, сондай-ақ ағылшын тілі (міндетті);
• Есеп бойынша беттер саны шектелмейді;
• Келісім-шарттарға сәйкес күнтізбелік жоспарлардың көшірмелері (ағылшын тіліндегі есепте күнтізбелік жоспарлардың көшірмелері мен WORD форматындағы ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі);
• Ағылшын тіліндегі есепте пайдаланылған дереккөздердің тізімі және жарияланған жұмыстардың тізімі ағылшын тіліне аударылып, жақшада жарияланымның түпнұсқа нұсқасының тілі көрсетілуі тиіс;
• Мақалалар жарияланған халықаралық журналдар үшін Web of Science базасында квартиль және/немесе Scopus базасы бойынша процентиль жарияланған жылы үшін немесе есеп берілген сәттегі соңғысы көрсетілуі тиіс.
• Қорытынды есепте жобаны/бағдарламаны іске асырудың барлық жылдарындағы ең маңызды зерттеу нәтижелері қамтылуы тиіс.
Сұрақтар бойынша «ҰМҒТСО» АҚ Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментіне хабарласуға болады: тел. +7 (727) 222-11-02 (ішкі 400, 401, 402, 404, 412, 413, 414, 415, 416, 417).
Satbayev University ғалымдары мұнай құбырлары мен мұнай кәсіпшілігі жабдықтарында асфальтен шөгінділерінің түзілуін азайтуға мүмкіндік беретін терең эвтектикалық еріткіштер (DES) негізіндегі жаңа құрамдар әзірлеп жатыр. Зерттеу жұмысы қазақстандық мұнайдың ерекшеліктері мен оны өндіру және тасымалдау жағдайларын ескеретін тиімді әрі бейімделген құрам әзірлеуге бағытталған.
Асфальтендер – мұнай құрамындағы ең ауыр әрі күрделі компоненттердің бірі. Температура, қысым немесе мұнай жүйесінің құрамы өзгерген кезде олар тұрақтылығын жоғалтып, ірі бөлшектерге бірігуі және құбырлар мен жабдықтардың ішкі беттеріне шөгуі мүмкін. Мұндай шөгінділердің уақыт өте келе жиналуы құбырлардың өткізу қабілетін төмендетіп, жабдықтарды пайдалануды қиындатады, сондай-ақ оларды тазалау мен техникалық қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарды арттырады.
Зерттеушілер әзірлеменің негізі ретінде терең эвтектикалық еріткіштерді қарастырып отыр. Бұл – құрамдас бөліктерінің құрамы мен арақатынасын өзгерту арқылы қасиеттерін реттеуге болатын көп компонентті жүйелер. Мұндай еріткіштер сутектік байланыс акцепторы мен доноры қызметін атқара алатын заттарды белгілі бір арақатынаста араластыру арқылы түзіледі. Бұл DES құрамын нақты технологиялық міндеттерге сәйкес таңдауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында холин хлориді мен бетаин негізіндегі жүйелер, сондай-ақ этиленгликоль, глицерин, несепнәр және органикалық қышқылдарды қоса алғанда, әртүрлі сутектік байланыс донорларымен үйлесімдері зерттелуде. Ғалымдар DES-тің түрлі құрамдарын алып, олардың асфальтен бөлшектерін тұрақтандыру және олардың бірігуіне жол бермеу қабілетін бағалайды.
Әзірленген құрамдар қазақстандық мұнай үлгілерінде сынақтан өткізіледі. Зерттеудің зертханалық кезеңінде ғалымдар асфальтен бөлшектерінің бірігуіне және кейіннен тұнбаға түсуіне неғұрлым тиімді жол бермейтін компоненттер үйлесімін анықтайды. Жобаның негізгі мақсатты көрсеткіштерінің бірі – асфальтен шөгінділерінің түзілуін 30-50%-ға азайту.
«Мұнай ұзақ қашықтыққа тасымалданатын Қазақстан үшін асфальтен шөгінділерінің алдын алудың тиімді тәсілдерін әзірлеудің практикалық маңызы зор. Біздің міндетіміз – мұнай жүйесінің тұрақтылығын арттырып, шөгінділердің түзілу қаупін азайтуға мүмкіндік беретін еріткіш құрамын таңдау», – деп түсіндірді жоба жетекшісі, Satbayev University қауымдастырылған профессоры Шолпан Ислам.
Зерттеу барысында «жасыл химия» қағидаттарына ерекше мән беріледі. Құрамдарды әзірлеу кезінде ғалымдар олардың тиімділігімен қатар пайдаланылатын компоненттердің қасиеттерін, еріткіш құрамын реттеу мүмкіндігін және алынған жүйелердің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалайды.
Әзірленген құрамдардың тиімділігін анықтау үшін заманауи физика-химиялық талдау әдістері қолданылады. Олар асфальтендердің тұрақтылығын, олардың бірігуі мен шөгу үдерістерін, сондай-ақ әзірленген құрамдар қосылған кезде мұнай жүйелерінің қасиеттерінің өзгеруін зерттеуге мүмкіндік береді.
Алынған нәтижелер негізінде ғалымдар болашағы зор құрамдарды анықтап, оларды одан әрі зертханалық және қолданбалы сынақтарда пайдалану мүмкіндігін бағалауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта DES құрамын нақты кен орнындағы мұнайдың сипаттамаларына, сондай-ақ оны өндіру, дайындау және тасымалдау жағдайларына қарай бейімдеуге болады.
Зерттеу нәтижелері асфальтен шөгінділерінің алдын алудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге және мұнай-газ саласы нысандарының пайдалану тиімділігін арттыруға негіз бола алады. Жоба Satbayev University-дің ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылады.
Ғылымды мемлекеттік қолдау және оны өндіріске енгізу бағытында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асырды. Ғылым қорының гранттық қаржыландыруы аясында зерттеушілер тобы органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға арналған инновациялық бифункционалды «NanoKukirt» препаратын әзірледі.
Отандық өнім сұйықтық және суспензия түрінде шығарылады. Препарат экологиялық қауіпсіз тыңайтқыш ретінде және өсімдіктерді саңырауқұлақ ауруларынан кешенді қорғау құралы ретінде жоғары тиімділік көрсетіп отыр.
Өсімдіктер үшін аса маңызды элемент болып саналатын күкірттің препарат құрамындағы үлесі 25%, ал кальцийдің үлесі 5%-ды құрайды. Жоба жетекшісі, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, препарат құрамында зиянды химиялық элементтердің болмауы оны органикалық егіншілікке арналған экологиялық қауіпсіз өнім ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
ҚазҰУ-дың Агробиостанциясында және Түркістан облысының егіс алқаптарында жүргізілген тәжірибелік сынақтар әзірлеменің жоғары әлеуетін көрсетті. «NanoKukirt» препаратын дәнді, көкөніс және бұршақ дақылдарына қолдану тамыр жүйесінің дамуына, түйнек түзілуінің жеделдеуіне, сондай-ақ өсімдіктердің азотпен қоректенуінің жақсаруына ықпал етті. Зерттеу барысында топырақтың микробиологиялық жағдайы да зерделеніп, препаратты қолданудың оңтайлы концентрациялары анықталды.
«Жүгері егістігінде жүргізілген сынақтар барысында тұқымды 2 пайыздық «NanoKukirt» ерітіндісіне 24 сағат бойы жібіту арқылы өнімділікті гектарына 20,41 тоннадан 61,22 тоннаға дейін, яғни үш есеге арттыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар өсімдіктердің фитопатогенді саңырауқұлақтарға төзімділігі айтарлықтай артып, ауруға шалдығу деңгейі төмендеді», – деді ҚазҰУ-дың ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ұлтанбекова.
Бүгінде отандық өнім органикалық ауыл шаруашылығында қолдануға ресми сертификат алды. Өнім өндірісі бекітілген ұйым стандартына сәйкес жолға қойылған. Қазіргі уақытта жоба аясында 15 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олардың алтауы өндірістік цехтағы жұмыстарға тікелей тартылған.