ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Лондондағы Дүниежүзілік білім беру форумына қатысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Лондондағы Дүниежүзілік білім беру форумына қатысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Лондондағы Дүниежүзілік білім беру форумына қатысты

Саясат Нұрбек Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан Education World Forum (EWF) 2025 – Дүниежүзілік білім беру форумы аясындағы пленарлық сессияға қатысты.

19 мамыр күні «Технологиялардың білім берудегі рөлін дамыта отырып, әділеттілік пен сапаны қатар қалай арттыруға болады?» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Сессияға қатысушылар цифрлық технологияларды білім беру жүйелеріне тиімді кіріктіру, сондай-ақ олардың инклюзивтілігі мен жоғары сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Сессияға халықаралық білім беру қауымдастығының беделді өкілдері қатысты, олардың қатарында Финляндияның білім министрі Андерс Адлеркройц, Таиландтың жоғары білім, ғылым, зерттеу және инновациялар министрі Супамас Ишарабхакди, HP компаниясының дербес жүйелер бойынша киберқауіпсіздік жөніндегі жаһандық жетекшісі Иан Пратт болды.

Сессия модераторы ретінде Дүниежүзілік білім беру форумның бағдарламалық директоры Гэвин Дайкс жүргізді. Талқылау барысында барлық санаттағы білім алушылар, соның ішінде осал топтар үшін сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, технологиялық даму жағдайында білімнің сапасы мен өзектілігін арттыру, білім алушыларды цифрлық экономикаға тиімді бейімдеу, заманауи технологияларды қолдана отырып, әділетті, орнықты және келешекке бағытталған білім беру стратегияларын әзірлеуге ықпал ету тақырыптары қозғалды.

Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша стратегиялық ұстанымын таныстырып, жоғары білімді дамытуға, академиялық ұтқырлыққа және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін инклюзивті шешімдерге баса назар аударды.

Дүниежүзілік білім беру форумы – бұл жыл сайын өтетін әлемдегі ең ірі халықаралық алаң, ол білім министрлері мен адами капиталды дамыту саласындағы көшбасшыларды біріктіреді. Форум – озық тәжірибе алмасуға, жаһандық білім беру диалогын қалыптастыруға және халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған маңызды құрал.