19 мамырда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мектеп пен колледж түлектеріне арналған «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесі өтті. Бұл шара жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді таныстыру және талапкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Р.Т.Емелбаев қатысып, 2025-2026 оқу жылындағы жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері, бейіндік пәндер комбинациясы, бөлінген гранттар және басқа да маңызды ақпараттармен бөлісті.
Шара барысында сөз алған университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Г.Т.Шакуликова «Study in Kazakhstan» білім көрмесінің білім мен ғылымға ұмтылған жастар үшін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті. Сондай-ақ бұған дейін алыс және жақын шет елдерде өткізілген бұл көрменің бүгінгі күні өңірде ұйымдастырылуы талапкерлерге мамандық таңдау жолында нақты бағыт-бағдар беретін маңызды қадам екенін жеткізді.
Көрме аясында университеттің факультеттері мен білім беру бағдарламалары таныстырылып, жаңа мамандықтар мен оқуға қабылдау шарттары туралы кеңінен мәлімет берілді. Талапкерлерге университет зертханалары, студенттік клубтар мен ғылыми үйірмелердің жұмысы көрсетіліп, тақырыптық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар университеттің серіктестері – KPI, OPEN Training Centre және басқа ұйымдар көрмеге қатысып, өз бағдарламаларын ұсынды. М.И.Губкин атындағы РМУ филиалына сынақ емтиханын тапсыру мүмкіндігі де қарастырылды.
«Study in Kazakhstan» көрмесі талапкерлердің болашағына дұрыс бағыт беретін, өз мамандығы туралы ақпарат алатын тәжірибелік кеңес орталығына айналды.