КҮКІРТ ҚҰНДЫ МАТЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗІ РЕТІНДЕ: АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ

КҮКІРТ ҚҰНДЫ МАТЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗІ РЕТІНДЕ: АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ

КҮКІРТ ҚҰНДЫ МАТЕРИАЛДАРДЫҢ КӨЗІ РЕТІНДЕ: АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ

Қазақстан күкірт өндіру бойынша әлемде 7-ші орында, жалпы өндіріс көлемі жылына шамамен 4,3 млн тоннаны құрайды. Сонымен қатар оның экспорты бар болғаны ~ $200-400 млн доллар әкеледі. Бүгінгі таңда күкірт мұнай-газ өнеркәсібінің жанама өнімі ретінде негізінен Қазақстаннан шикізат түрінде экспортталады немесе аз мөлшердегі күкірт қышқылын алу үшін пайдаланылады. Бұл ретте оның шамадан тыс артық жинақталуы экологиялық қауіп тудырады. Кен орындарындағы өндіріс көлемінің өсуін ескере отырып, шикізат экспортынан күкіртті инновациялық және құнды материалдарға өңдеуге көшу міндеті өзекті болып отыр.

Профессор Джеффри Пьюн бастаған Аризона университеті (АҚШ) ғалымдарының жобасы бұл мәселені шешуге көмектеседі. Олар балқытылған күкіртті полимерлерге, сондай-ақ, инфрақызыл линзалар, литий-күкіртті аккумулятордың құрамдас бөліктері, коррозияға қарсы жабындар және баяу бөлінетін тыңайтқыштар сияқты басқа да жоғары құнды өнімдерге айналдыру үшін кері вулканизацияның озық технологиясын әзірледі.

Технология 50-ден астам ғылыми жарияланымдармен бірге 11 патентпен қорғалған және жоғары коммерциялық әлеуетті көрсетеді. Мәселен, күкірт қышқылы қымбат емес, сусымалы химиялық зат болып табылады. Жоғары көлемде сатылған кезде тоннасы ~ 100-200 доллар тұрады. Бұл жоба құрамында күкірті бар бұдан да бағалы химиялық өнімдерді жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, сыну көрсеткіші жоғары пластикалық линзалардың бір данасы ~$100–500 тұрады.

Бұл жоба Қозыбаев университетімен ынтымақтастықта жүзеге асырылып, бірлескен зерттеулер жүргізуді, зертханалар ашуды, кадрларды даярлауды және өндірісті іске қосуды көздейді. Студенттік және ғылыми алмасу бағдарламалары да жоспарланған: бұл жаңа озық материалдарды шығаруға қабілетті ғылыми-өндірістік экожүйені қалыптастыруға негіз болады. Жоба ағымдағы жылдың сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен М.Қозыбаев атындағы СҚУ делегациясының Аризона университетіне сапары барысында таныстырылды.

Жобаны сәтті іске асыру үшін кен орындарындағы күкіртке тікелей қол жеткізу және зертханаларға, жабдықтар мен тәжірибелік-өндіріс орындарына инвестиция салу қажет. Күкіртті сол жерде қайта өңдеуге, логистикалық шығындарды азайтуға, өнімді нарыққа шығаруды жеделдетуге және жаңа экспорттық бағыттарды қалыптастыруға жағдай жасайды. Осылайша, Қазақстан құрамында жоғары құнды күкірті бар материалдарды жасау бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналуға мүмкіндік алады. Бұл ретте жобаны жүзеге асыру күкіртті жинақтап, кәдеге жаратумен байланысты экологиялық мәселелерді шешуге де ықпал етеді.