Азиядағы ең үздік университеттердің бірі City University of Hong Kong Алматыда өз филиалын ашты

Азиядағы ең үздік университеттердің бірі City University of Hong Kong Алматыда өз филиалын ашты

Азиядағы ең үздік университеттердің бірі City University of Hong Kong Алматыда өз филиалын ашты

Бүгін Сәтбаев университеті базасында CityU Зерттеу және инновациялар институтының (CityUHK Institute of Research and Innovation – CIRI) ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл – Қазақстанда ашылған алғашқы ғылыми-білім беру институты, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Гонконгтың CityU (City University of Hong Kong) университетімен бірлесіп құрылып отыр.

Жаңа институт әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау мен трансшекаралық ғылыми әріптестік үшін тамаша алаңға айналады. Бұл – CityU-дың Қытайдан тыс жерде ашылған алғашқы филиалы, әрі Қытай үшін де, Қазақстан үшін де маңызды тарихи кезеңнің бастамасы. Қазақстандық 100 студент әлемнің ең үздік университеттерінің бірінде оқуларын бастады.

«Шетелдік университет филиалының Сәтбаев университетінде ашылуы – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақстанда білім мен ғылым сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық студенттер CityU сынды әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік алып отыр», – деді өз сөзінде Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.

Филиалдың ашылу салтанатына ҚР ҒЖБМ вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, ҚХР-ның бас консулы Цзян Вей және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

«Бүгін біз тек филиал ашып қана қоймай, жаһандық деңгейде ойлайтын көшбасшылар мен жаңашыл ғалымдарды даярлауға негіз қаладық. Олар адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге үлес қосып, Қазақстан мен Гонконгтың, сондай-ақ бүкіл әлем қауымдастығының өркендеуіне қызмет етеді», – деді CityU Директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай.

Сондай-ақ CityU мен Сәтбаев университеті арасында PhD деңгейіндегі қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – қазақстандық университет пен әлемнің ТОП-100 университеттері қатарына кіретін беделді жоғары оқу орны арасында жасалған алғашқы келісім.

«Беделді шетелдік университет филиалының Алматы қаласында ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қадам қазақстандық студенттердің CityU және Сәтбаев университеті сынды алдыңғы қатарлы ЖОО-ларда әлемдік деңгейде білім алуына жол ашады. CIRI тек зерттеу және инновациялық орталық қана емес, сонымен қатар жаңа ресурсты үнемдейтін технологиялар мен жаңалықтарды қала экономикасына енгізуге сеп болады, әрі Алматыны Орталық Азия аймағындағы жетекші білім беруші орталық ретінде нығайтатынына сенімдімін», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

CityU – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан жас ғылыми-зерттеу университеттерінің бірі. Ол аз ғана уақыт ішінде QS рейтингі бойынша 62-орынға, ал Times Higher Education тізімі бойынша 78-орынға шықты. Стэнфорд университетінің мәліметінше, CityU-дың 170-тен астам оқытушысы әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілген ғалымдардың топ-2% қатарына кіреді.

Екі университет арасында осыған дейін қол қойылған стратегиялық серіктестік келісімге сәйкес Материалтану (Material Science), Жасанды интеллект, Компьютерлік ғылымдар (Computer Science) және Азаматтық құрылыс (Civil Engineering) мамандықтарына бағытталған қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды, бакалавриатта оқу «2+2» және магистратурада оқу «1+1» форматы бойынша өтеді.

Филиалдағы оқу студенттерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік гранты негізінде толықтай ағылшын тілінде білім алуға мүмкіндік береді. Бакалаврлар алғашқы 2 оқу жылын Алматыда өткізсе, соңғы 2 жылды Гонконгта өткізеді. Ал PhD бағдарламасының қатысушылары Гонконгтағы оқу барысында әлемдік ғылыми зертханаларда жетекші ғылыми топтармен бірге тағылымдамадан өтеді.

Сәтбаев университеті базасында CityU Зерттеу және инновациялар институтының ашылуы – Мемлекет басшысының тапсырмасын және жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам. Әлемнің жетекші университеттерінің бірінің филиалын ашу – Қазақстанның жоғары білім жүйесін дамытуға, жаһандық тәжірибелерді енгізуге, білім беру сапасын арттыруға және шетелдік студенттерді тартуға бағытталған маңызды бастамасы.