Сәтбаев университеті әлемдегі ең мықты техникалық университеттердің бірі – Колорадо тау-кен мектебімен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламасын ашу жайлы келісті.
АҚШ-та өткен кездесуде университеттің Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректоры Самғат Ермекбаев пен америкалық серіктес университеттің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джон Брэдфорд аталмыш құжатқа қол қойды.
Келісімшарттың негізгі тармақтары – геология, тау-кен өнеркәсібі мен мұнай-газ инженериясы саласы бойынша 3+1+1 форматында қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ осы бағыттар бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту болды.
Айта кетейік, Колорадо тау-кен мектебі – әлемдегі жетекші инженерлік университеттердің бірі, ол QS World University Ranking рейтингінде Mineral and Mining Engineering 2025 (1-орын) пәндері бойынша алдыңғы қатарда. Сонымен бірге бұл университет нақты салалық мәселелерді шешуге үйретуімен танымал. Мұнда студенттер тек зерттеуші біліктілігін ғана емес, сонымен қатар халықаралық инженерлік жобаларға қатысып, құнды практикалық тәжірибе жинақтайды.