Эксетер университетінің делегациясы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне келді

Эксетер университетінің делегациясы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне келді

Эксетер университетінің делегациясы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне келді

Бүгін, 14 мамырда, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – «Russell Group» зерттеу университеттер қауымдастығына кіретін Эксетер университетінің (University of Exeter) делегациясы келді.

Британ тарапынан ғаламдық мәселелер жөніндегі проректордың орынбасары, профессор Стюарт Берхоп (Stuart Bearhop), Қоршаған орта, ғылым және экономика факультетінің жаһандық әріптестік бөлімінің басшысы Рейчел Джонс (Rachel Jones) қатысты.

Делегация сапарының бағдарламасы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Алденеймен кездесуден басталды. Кездесу барысында өңірдің ғылым мен білім салаларындағы даму басымдықтары және халықаралық әріптестерді индустриялық және білім беру жобаларға тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ ҚарТУ-да университет басшылығымен ресми кездесу өтті. Талқылау барысында академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың болашағы, соның ішінде студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру, тұрақты институционалдық байланыстарды нығайту мәселелері көтерілді. Халықаралық қос дипломды бағдарламалар мен тағылымдамаларды дамыту, сондай-ақ филиал ашу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Ресми бөлімнен кейін делегация университеттің инфрақұрылымымен танысып, тау-кен және машина жасау факультеттерін, Энергетика, автоматтандыру және телекоммуникация факультетін, Метан энергетикасы институтын, Дәнекерлеу институтын және университет кампусын аралады.

Эксетер университетінің өкілдері сонымен қатар бағдарлама аясында университеттің негізгі өнеркәсіптік серіктестерінің бірі – «QARMET» АҚ-на барды. Қонақтар кәсіпорынның өндірістік қуаттарымен және инженерлік кадрларды даярлау мен қолданбалы ғылыми әзірлемелерді жүзеге асырудағы ынтымақтастық перспективаларымен танысты.

Бұл сапар ҚарТУ-дың халықаралық ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды қадам болып, университеттің жаһандық академиялық қауымдастыққа интеграциялануы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.