10 мамыр мен 14 маусым аралығында Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде еліміздің жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында XIII жазғы Универсиада өтеді. Жарысқа спорттың 17 түрінен, атап айтқанда, бадминтон, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, таеквондо, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, каратэ-до, волейбол, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, қазақ күресі, бокс, жүзу, футзал бойынша 76 жоғары оқу орнының 4 000-нан астам білім алушысы, оның ішінде тоғызқұмалақ және қазақ күресі ұлттық спорт түрлері бойынша 600-ден астам студент қатысады.
Универсиаданың ашылу салтанаты 16 мамырда «Түркістан Арена» орталық стадионында, жабылуы 13 маусымда «Olympic Center» спорт кешенінде өткізіледі. Спорттық іс-шаралар университет аумағында және Түркістан қаласының заманауи мамандандырылған спорт кешендерінде ұйымдастырылып, 800-ден астам медаль мен 100-ден аса кубок сарапқа салынады.
Универсиаданың алғашқы ойындарында тоғызқұмалақ пен үстел теннисі бойынша жарыстар басталды. Тоғызқұмалақ спорты бойынша 32 жоғары оқу орнынан 192, үстел теннисі спорты бойынша 26 жоғары оқу орынан 156 білім алушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық шараларды іске асыру студент жастар арасында салауатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыруды қамтамасыз етіп, елімізде бұқаралық спорт түрлерінің дамуына ықпал етеді.