C5+1 ғылыми диалогы: Алматыда халықаралық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

C5+1 ғылыми диалогы: Алматыда халықаралық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

C5+1 ғылыми диалогы: Алматыда халықаралық ынтымақтастық перспективалары талқыланды

2025 жылғы 12–13 мамырда Алматы қаласында Германияның Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігі (BMBF) ұйымдастырған С5+1 форматындағы дөңгелек үстел өтті.

Шараға Германия мен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Оның басты мақсаты – ғылым мен технология саласындағы зерттеу ынтымақтастығын нығайту және тәжірибе алмасу.

Іс-шара аясында Германияның Федералдық білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің (BMBF) өкілдерімен екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов неміс әріптестерімен Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми байланыстарды дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар бойынша серіктестікті тереңдету перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Германия қолданбалы ғылымдар университеттері мен Орталық Азия ғылыми қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты қолдайтын Неміс ғылыми-зерттеу қоры (DFG) іске асырып жатқан жобалар сөз болды. Бұдан бөлек, климаттық технологиялар мен тау-кен металлургия салалары бойынша бірлескен бағдарламалар сияқты басқа да маңызды бағыттар қарастырылды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов:

«Бүгінгі кездесу – Германиямен ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең. Біз өзара серіктестікті кеңейтуге дайынбыз. C5+1 форматы білім мен тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларға жол ашуға көмектеседі. Сондай-ақ Horizon Europe бағдарламасы аясында да Германиямен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл қадам отандық зерттеушілер мен ғылыми орталықтарға нақты мүмкіндіктер береді», – деді.