Үрімжі қаласында (ҚХР) Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдерінің Білім министрлерінің алғашқы кеңесі өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның тиісті мемлекеттік органдарының бірінші басшылары, сондай-ақ бейінді ведомстволар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қабылдаушы тарапқа іс-шараны ұйымдастырғаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы білім беру саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың тұрақты және жүйелі форматын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Министр Қазақстан Республикасы білім беру интеграциясын тереңдетуді және академиялық алмасуларды кеңейтуді жақтай отырып, Орталық Азия мен Қытай елдерінің білім министрлері кездесулерінің тұрақты тетігін құру бастамасын ресми түрде қолдаған алғашқы елдердің бірі болғанын атап өтті. Ол жоғары білім сапасын қамтамасыз етуге, академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру процесін цифрландыруға, сондай-ақ бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға бірлескен тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
Кеңес аясында қатысушылар білім министрлерінің кездесуі тетігінің Жарғысын қабылдады, әрі қарай өзара іс-қимылдың мақсаттарын, принциптері мен форматын айқындады, сондай-ақ тараптардың ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген ортақ ұмтылысын бекітетін Үрімжі декларациясына қол қойды.
Бұдан бөлек, әліпбилік тәртіпке негізделген бекітілген ротациялау рәсіміне сәйкес Қазақстан Республикасына Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы білім министрлерінің келесі, екінші кеңесін ұйымдастыру және төрағалық ету эстафетасы тапсырылды.
Бұл іс-шара ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа, кадрлар даярлау сапасын арттыруға және ұлттық білім беру жүйелерін орнықты дамытуға бағытталған өңірлік білім беру әріптестігін дамытудағы маңызды кезең болды.