Жеңістің 80 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, биыл 101 жасқа толып отырған Тамара Александровна Максимованы арнайы құттықтады.
Тамара Александровна соғыс жылдарында Волоколамск тас жолының бойындағы №5018 ауруханада медбике қызметін атқарған. 1943 жылы мамырда денсаулығына байланысты запасқа шығарылып, майдандағы жанқиярлық еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін Мәскеудегі тарих-филология институтын бітіріп, ғылым кандидаты дәрежесін қорғап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 16 жыл ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды.
Университет басшылығы атынан «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев ардагерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстап, оның майданда көрсеткен ерлігіне, білім ордасында атқарған елеулі еңбегіне алғыс айтып, ізгі тілегін білдірді.
Тамара Максимова өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, майданда бастан өткерген ауыр сәттер мен университет қабырғасындағы жемісті жылдарын еске алды. Әріптестері мен шәкірттері туралы ерекше ықыласпен айтып, өмірлік ұстанымымен бөлісті:
– Ерінбей еңбек етіп, өмірдің әр сәтін бағалай білу керек. Ең бастысы – адамдарға қажет екеніңді сезіну. Барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын! - деді ардагер.