AI HUB HACKATHON: UTEBAEV UNIVERSITY-ДЕ ЖИ БОЙЫНША ХАКАТОН ӨТТІ

AI HUB HACKATHON: UTEBAEV UNIVERSITY-ДЕ ЖИ БОЙЫНША ХАКАТОН ӨТТІ

AI HUB HACKATHON: UTEBAEV UNIVERSITY-ДЕ ЖИ БОЙЫНША ХАКАТОН ӨТТІ

Utebaev University-де университет базасында ашылған жаңа AI-Hub орталығының алғашқы жобаларының бірі – AI HUB Hackathon өтті. Хакатон жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеуге арналды.

Іс-шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, Қызылорда ашық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі, APEC PetroTechnic колледжі және Атырау мұнай және газ университеті сынды оқу орындарынан 17 команда қатысты.

Хакатон мұнай-газ, білім, экология және ашық инновациялар деген төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. AI HUB Hackathon инновациялық марафонына қатысушылар әлеуметтік және өндірістік мәселелерге арналған цифрлық шешімдер мен прототиптер әзірледі. AI-Hub – ЖИ инфрақұрылымды дамыту, оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу және жастар арасында ЖИ кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы орталық. Бүгінде университет барлық білім беру бағдарламасына «Жасанды интеллект жүйелері» пәнін енгізіп, оқытушыларды Generative AI, Prompt инженерия және LLM модельдермен жұмыс істеуге үйретеді.

Utebaev University AI HUB орталығының жетекшісі Ақмарал Әбдіғалиева университет пен серіктестер жастарды ынталандыруға және инновациялық экожүйені дамытуға назар аударып отырғанын атап өтті.

– AI HUB Hackathon – жастардың технология арқылы өз әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін алаң. Бұл тек технологиялық идеялар жарысы емес, болашақты бірге қалыптастыруға ұмтылған буынның үндеуі. Біз AI-Hub арқылы осындай мүмкіндіктерді кеңейте береміз, – деді орталық жетекшісі.

Студенттер өндірістік кейстерге нақты шешім ұсынды. Хакатон қорытындысы бойынша бас жүлдені Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды APEC PetroTechnic жоғары колледжі атынан қатысқан команда иеленді. Ал үшінші орынға С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің командасы ие болды.

Бұдан бөлек «Үздік бизнес шешім» номинациясы бойынша жеңімпаз ретінде APEC PetroTechnic жоғары колледж командасы танылса, «Үздік AI-инновациялық шешім» аталымында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің командасы жеңіске жетті.