Study in Kazakhstan: Пәкістанда қазақстандық жоғары оқу орындары таныстырылды

Study in Kazakhstan: Пәкістанда қазақстандық жоғары оқу орындары таныстырылды

Study in Kazakhstan: Пәкістанда қазақстандық жоғары оқу орындары таныстырылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Пәкістанның Исламабад қаласында Study in Kazakhstan көрмесі және Қазақстан-Пәкістан университеттер форумы өтті. Қазақстанның 11 жоғары оқу орны қатысқан іс-шара Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы Үкіметаралық комиссия аясында ұйымдастырылды.

Study in Kazakhstan көрмесінде қазақстандық университеттер өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, пәкістандық талапкерлер мен студенттерге оқуға түсу шарттары, оқу ақысы, жатақхана, шәкіртақы және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері бойынша кеңес берді. Сонымен қатар шетелдік студенттерді тарту және студенттер алмасу бағдарламаларын кеңейту мәселелері талқыланды.

Форум барысында әрбір қазақстандық университет өз оқу орнын таныстырып, халықаралық жобалар, ғылыми жетістіктер мен серіктестік бағыттарын ұсынды. Тараптар ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы, академиялық әріптестік, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығы, маман даярлау және техникалық көмек, профессор-оқытушылық құраммен алмасу, біліктіліктерді өзара тану бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

Іс-шара нәтижесінде бірқатар университеттер арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Ghulam Ishaq Khan Institute of Engineering Sciences and Technology арасында, Рудный индустриялық институты мен National Skills University Islamabad, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Ghulam Ishaq Khan Institute of Engineering Sciences and Technology, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен National University of Modern Languages (NUML), Satbayev University мен National University of Sciences and Technology (NUST) арасында екіжақты келісімшарт орнады.

Сапар аясында делегация Пенджаб провинциясының білім министрі Рана Сикандар Хаятпен кездесу өткізді. Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ министрлік өкілі мен қазақстандық университеттердің делегациясы Пәкістанның жетекші жоғары оқу орындары – National University of Sciences and Technology және Quaid-i-Azam University аралап, кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Satbayev University мен NUST университеті Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми-техникалық орталықты NUST базасында ашу мүмкіндігін талқылады, ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Quaid-i-Azam University-мен Абай орталығын құру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен NUML қазақ-урду тілдерінде сөздік жасау жобасын талқылады.

Осы сапар аясында қазақстандық делегация Roots International Schools & Colleges (RISC) ұйымының оқушылары және ата-аналарымен де кездесті. RISC – Пәкістандағы халықаралық стандарттарға негізделген ірі жеке білім беру желісі, ол мектеп жасындағы оқушыларды шетелдік жоғары білімге бағыттауға баса назар аударады. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан қазақстандық жоғары білімге үлкен қызығушылық байқалды.

Сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылыми-техникалық құрылымы – COMSTECH, сондай-ақ COMSATS халықаралық ұйымдарының басшылығымен кездесіп, алдағы ғылыми-инновациялық және технологиялық бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.