ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жеке қабылдауында азаматтардың білім және ғылым саласына қатысты сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды.
Азаматтармен кездесу барысында жоғары білім алу, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар қабылдау аясында тұрғындар жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, халықаралық гранттарға қолжетімділік және жатақхана мәселелерін көтерді.
Қабылдау барысында ҚХР-дың Үкіметаралық гранттар бағдарламасына қатысты сұрақпен келген азаматқа конкурстық іріктеу мен бағалау критерийлері түсіндірілді. Министрлік өкілдері аталған бағдарламаның жоғары бәсекеге қабілетті екенін, барлық үміткерлердің тең жағдайда қаралатынын және бағалау үдерісі бекітілген ережелерге сай жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар азаматқа балама халықаралық бағдарламалар туралы кеңес берілді.
Министр Саясат Нұрбек азаматтардың сұрақтары мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, әр мәселе бойынша заң аясында түсініктеме берді. Ведомство басшысы қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, сала басшыларына тиісті мәселелерді шешу және жетілдіру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді.