Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің (SeoulTech) Президенті, профессор Дон Хван Ким бастаған делегация келді. Кездесуге сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді интернационалдандыру басқармасының басшысы Рауза Мендалиева, университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримова қатысты.
Тараптар қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында оқу бағдарламаларының мазмұны мен үдерісін ұйымдастыру, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, SeoulTech университеті тарапынан PhD докторларды даярлауға жетекшілер бекіту, ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар корейлік ғалымдарды тарту, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы және заманауи технологияларды бірлесіп енгізу секілді стратегиялық бастамаларға назар аударылды.
SeoulTech университетінің Президенті Дон Хван Ким Назарбаев Зияткерлік мектебі, 125 high school, Білім-инновация лицейі және Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің оқушыларымен кездесті. Профессор жаңа білім беру бағдарламасы жайлы кеңінен түсіндіріп, талапкерлерге оқу бағдарламасының мазмұны, академиялық мүмкіндіктері, шетелде білім алу артықшылықтары мен бейімделу бағдарламалары жөнінде жан-жақты мағлұматтар ұсынды.
Сондай-ақ Профессор Дон Хван Ким Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының студенттеріне «Кореядағы IT-трендер» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Дәріс барысында Профессор Кореядағы заманауи технологиялар, цифрлық трансформация және IT саласындағы жаһандық үрдістер туралы ақпараттармен бөлісті. Іс-шараға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Кездесуде бірлескен ғылыми жұмыстарды және жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамыту, профессор-оқытушылар мен студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы айтылды.
Айта кетейік, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Қазіргі таңда Жасанды интеллект институтында SeoulTech университетімен бірлескен төрт білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламалар аясында 100 студент мемлекеттік білім гранты негізінде білім алады.