Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен корейлік «Хен» компаниясы арасында «Ақылды жасыл ферма» жобасы бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға Корея делегациясы, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
– Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ғылымға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ғалымдарымыз да белсенділік танытып, серіктестермен бірлесе жаңа ғылыми жобалардың жүзеге асырылуына септігін тигізіп жатыр. Профессор Рае Квон Чунг осыдан екі жыл бұрын жасыл энергияны пайдаға жарату арқылы ауыл шаруашылығын дамыту жобасын қолға алуға ұсыныс білдірген болатын. Нәтижесінде биыл инвестормен бірге жаңа технологияларды қолдана отырып, ақылды ферманы өзіміздің университетімізде қалыптастырамыз. Ақылды жасыл фермада өсірілетін өнімдерге пестицидтер мен химиялық заттар пайдаланылмайды және суды тұтынуды 90 пайызға үнемдейді, – деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚЗУ Басқарма төрағасы – ректор Дархан Ахмед-Заки.
Ынтымақтастық келісімнен кейін ферма құрылысының капсула салу рәсімі өтті. Мұнда жасыл мақта, васаби және құлпынай өсірілетін болады. Профессор Рае Квон Чунг фермада өсірілетін жасыл мақтаның ерекшелігіне тоқталды. Профессордың айтуынша, жоғары сортты өнімге Louis Vuitton секілді әлемдік брендтік фирмалар қызығушылық танытты. Алдағы екі айда құрылыс жұмыстары жүріп, оған қажетті SmartFarm, Aquaponics және WindTower секілді жабдықтарды кореялық компания тегін жеткізеді.
Атап өту керек, ақылды фермада өсірілетін өнімге күн және жел энергиясы қолданылады. Ғалымдар бұл климаттық дағдарыстың шешімін табудың баламалы жолдары дейді.