Атыраудан Мадридке дейін: болашақ мұнайшыларға жаңа мүмкіндік

Атыраудан Мадридке дейін: болашақ мұнайшыларға жаңа мүмкіндік

Атыраудан Мадридке дейін: болашақ мұнайшыларға жаңа мүмкіндік

Utebayev University Испанияның мұнай-газ, химия және энергетика салаларындағы ірі инжинирингтік компаниясы – Técnicas Reunidas (TR)-пен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жоғары оқу орнын халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған кездесуге Utebayev University ректоры Гүлзада Шакуликова, TR компаниясының техникалық директоры Оскар Ломбера және компания өкілі Фирангиз Маммадова мен университет білімгерлері қатысты.

TR компаниясы студенттерге кәсіби даму бағдарламаларына қатысуға, халықаралық тәжірибе жинауға және жаһандық жобаларға атсалысуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде болашақ мұнайшылар әлемдік деңгейдегі инженерлермен жұмыс істей алады.

«Аталған бастама TR және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бірлесіп қолға алған бағдарлама аясында жүзеге асып отыр. Студенттеріміз жобаларды басқару мен инжиниринг саласының қыр-сырына қанығып, халықаралық ортада шыңдалады. Жобаға жыл сайын қазақстандық техникалық жоғары оқу орындарының 30 студенті қатысып, үш айлық онлайн оқудан кейін Мадридтегі TR кеңсесінде тәжірибеден өтеді», – дейді ректор Гүлзада Шакуликова.

Алғашқы іріктеу сәуір мен маусым айлары аралығына жоспарланған. Төрт жылға белгіленген жоба барысында 120 студент шетелде білім алып, TR-дың әлемдік жобаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

TR – Атырау облысындағы «Силлено» болашақ полиэтилен зауытының пиролиз қондырғысын салуға жауапты EPC мердігерлердің бірі. Компанияның жергілікті жобаларға қатысуы мен қазақстандық студенттерге мүмкіндік беруі – индустрия мен білім арасындағы байланыстың нығаюына, болашақ инженерлердің кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашады.