«Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» II халықаралық симпозиумы

«Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» II халықаралық симпозиумы

«Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» II халықаралық симпозиумы

2025 жылғы 2 сәуірде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» тақырыбындағы II симпозиум өз жұмысын бастады.

Симпозиумның мақсаты – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау; жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралау.

Айтулы жиынды ұйымдастырушылар – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Bilig (SSCI, Scopus, Web of Science) Түрік әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы, Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы.

Симпозиумды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөзбен ашып, алқалы жиынның отырысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жеткізді.

Пленарлық отырыста шетелдік және отандық ғалымдар қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, әдіснама, терминология мәселелеріне қатысты маңызды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым, алаштанушы Е.Тілешов «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақтүрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Ш.Ыбыраев «Қазақ тілі – ғылым тілі: өзектілігі және шешу жолдары», Оксфорд университеті, Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультетінің профессоры Э.Чакыр «Оксфордта қазақ тілін оқыту», ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Ш.Құрманбайұлы «Жалпытүріктік терминдер түзу – терминологияны халықаралықтандыру тетігі», Назарбаев университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Ю.Шамильоглу «Назарбаев университетінде академиялық қазақ тілі бағдарламасы», Алишер Навои атындағы Ташкент мемлекеттік тіл және әдебиет университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Х.Дадабаев «Тәуелсіздік дәуіріндегі өзбек терминологиясы: жетістіктері және проблемалары», Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Акматалиев «Қырғыз ғылымының бастауы – тіл» атты тақырыпта және т.б. ғалымдар баяндама жасап, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.  

Пленарлық отырыстан кейін симпозиум «Іргелі және қолданбалы тіл білімі: заманауи тілтанымдық зерттеулер», «Жасанды интеллект және қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», «Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ұлттық мазмұнды дамыту: қазақ тілінің рөлі және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері», «Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздер және білім беруді цифрландыру» тақырыптарындағы секция отырыстарымен жалғасты.

Секция отырыстарында шетелдік және отандық ғалымдар қазақ тілін ғылымда кеңінен қолданудың өзектілігі, халықаралық интеграцияның маңызы мен аспектілері туралы ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

3-4 сәуірде Симпозиум жұмысы «Халықаралық ғылым дипломатиясы» тақырыбындағы отырыспен жалғасатын болады. Бұл күні симпозиумға қатысушылар халықаралық ынтымақтастық пен ғылымдағы интеграция мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар «Халықаралық индекстелетін базалардағы журналдардың мақала және жариялау саясаты» тақырыбында және «Сапалы мақала жариялау процесін ұйымдастыру техникалары және жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында семинарлар (workshop) ұйымдастырылады.

Симпозиумда ғылыми басқосулардан бөлек мәдени іс-шаралар да өтті. Қатысушылар ең алдымен «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесінің ашылуына қатысты. Келесі кезекте Түрік халықтарының зияткерлік ойындары көрмесі мен «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллекті негізінде әзірленген жобалар көрмесін тамашалады. Бұдан бөлек «Ата жұрттан ана жұртқа – білім көпірі» жобасы аясында түрік тілінен қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың тұсаукесері өтпек. «Асыл ағаш, Асыл шөп: Қазақстан флорасының жетекші тұқымдастары» сериясының тұсаукесері (16 том 20 кітап) де өтеді.

Симпозиум 4 сәуір күні университет ұжымының ұйымдастыруымен өткізілетін Наурыз мейрамын атап өтумен аяқталады.