ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп, 28 наурызда Азаматтық авиация академиясының базасында авиация саласына кадрлар даярлау жөніндегі Оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі кеңейтілген отырысын өткізді.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Көлік министрі Марат Қарабаев, сондай-ақ әуе кәсіпорындарының басшылары мен шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Басқосу барысында авиация мамандарын даярлау, білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға бейімдеу және саладағы кадр тапшылығы мәселелерін шешу жолдары талқыланды.
Маңызды қадамдардың бірі – азаматтық авиация саласында кадр даярлауды дамыту жөніндегі Жол картасына қол қою болды. Құжат кезең-кезеңімен сертификаттаудан өткізуді, оқу аэродромын құруды, Авиация мамандықтарының ұлттық атласын әзірлеуді және салалық ғылыми-зерттеу орталығын қалыптастыруды көздейді.
Азаматтық авиация академиясы – ICAO, IATA, AVSEC халықаралық стандарттары бойынша мамандар даярлайтын елдегі жалғыз бейіндік жоғары оқу орны. Бүгінде мұнда 2 мыңнан астам болашақ авиация маманы білім алуда. Оқу үдерісі заманауи тәсілдерге негізделген, оның ішінде онлайн-оқыту (Coursera, МООК), тәжірибеге бағытталған модель және халықаралық академиялық ұтқырлық қарастырылған.
Көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер салалық білім беруді дамытудың жаңа кезеңіне негіз болады. Бұл үдеріс ашықтық, халықаралық интеграция және болашақ авиация қажеттіліктеріне бағытталу қағидаттарына сүйене отырып жүзеге аспақ.