«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында студенттер арасында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында студенттер арасында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды

«Таза Қазақстан»: қызылордалықтар экологиялық тазалықты қолдайды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту жобасы аясында «Велосипед күні» ұйымдастырылды.

«Көпшілікке экологиялық таза көлік құралдарын насихаттау, оқытушылар мен студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтуде. Велосипед айдау тек экологиялық бағытта ғана емес, адамның физикалық белсенділігін арттыруға да пайдасы зор. Сонымен қатар қаладағы көлік кептелісінің азаюына да аз да болса үлес қостық деп есептеймін. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жалғасын таба бермек», – деді Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай.

Іс-шара барлық оқу ғимараттарында таңғы 8.00-9.30 аралығында өтті. Акцияға белсенді қатысып, алғаш келген 15 адамға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Айта кетейік, «CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында университет білім алушыларының «Bike Parking» жобасы қолдау тауып, 2022 жылы университетте 8 велотұрақ орналастырылды.

 

«Болашақ үшін әрекет» экологиялық форумында су ресурстарын қорғаудың мәселесі талқыланды

Қазақстан жер асты қазба байлықтарына бай болғанымен, тіршілік көзі – су ресурсы тапшылығын тұрғындар жылдан-жылға сезінуде. Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында Су ресурстары күніне орай өткен «Болашақ үшін әрекет» атты экологиялық форумда суды үнемдеу және ресурстарды сақтау, суды ұқыпты пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру, суды үнемдеудің жаңаша технологияларын кәдеге жарату мәселелері ғалымдар, экологтар, су саласы және «Казгидромед» мекемесі мамандарының талқысына салынды. Басқосуға экология саласын зерттеп жүрген магистр, докторанттар да қатысты.

Форумда университеттің Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев су саласында мамандар даярлау, бұл бағыттағы ғалымдардың ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан жобалары мен зерттеулеріне тоқталса, Шымкент қалалық Экология департаменті бастығының орынбасары Садық Дастанұлы үшінші мегаполистегі ауыз су сапасына қатысты мәліметтерімен бөлісті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде ғылыми зерттеулердің маңызы зор. Оңтүстік өңірде ауыз судың сапасын жақсартуда өндірістерге инновациялық қондырғылар енгізу – өзекті мәселелерді шешуге үлесін қосады деп айта аламыз. Осы мақсатта Әуезов университетінің ғалымдары шет елдік ғалымдармен бірлесіп, үлкен жобаларды қолға алған. Соның ішінде «Түркістан облысында су ресурстарын қорғау», «Жер асты, жер үсті суларын тазартудың экологиялық технологияларын әзірлеу» жобасын зерттеп жатырмын. Осы бағытта су тазартуға арналған эксперименталды қондырғылар да жасалды», – деп атап өтті университеттің «Экология» кафедрасының професссоры, х.ғ.к. Ғани Ізтілеуов.

Жас ғалым Маржан Сыздықова «Шымкент қаласындағы кәсіпорындарының ағынды суларын биокоагуляциялық әдіспен тазарту» бойынша жаңашыл жобасын таныстырды.

Форумда су саласына жауапты мекемелер тарапынан ғалымдардың жобасын өндіріске енгізуге байланысты ұсыныстары түсті.

 

Жасыл энергия шақырады

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде энергия тұтынуды азайту және жаңартылатын көздерге көшу мақсатында «Жасыл энергия шақырады» атты облыстық дөңгелек үстел өтті.

Жасыл энергия қоршаған экологиялық таза энергия көздері саналатын энергия ресурстарына жатады. Қазіргі кезеңде «жасыл» энергия келесі салалардың өзара байланысты дамуына әсер етеді: жаңартылатын энергия көздері, энергияны үнемдеу, ресурстарды үнемдеу және қалдықтарды басқару.

Университетте ашылғалы жатқан білім беру бағдарламасы екі саланың тоғысында жұмыс істей алатын сұранысқа ие мамандарды дайындауды жоспарлап отыр: электр энергетикасы және ақпараттық технологиялар. Білім беру бағдарламасының мақсаты – студенттерге тиісті құзіреттіліктерге қол жеткізе отырып, жалпы, негізгі және бейіндік пәндерді оқыту болып табылады.

Шараға «Бурное Солар-1» ЖШС-ның техникалық директоры Кан Игорь, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Рашид Қойлыбаев, Экология департаменті басшысының м.а. Темір Смагулов қатысты. Спикерлер мен студенттер өз ойларын ортаға салып, пікірталас жасады.