Халқымыз ертеден тазалық ұғымын денсаулықтың, сұлулық пен рухани кемелдіктің негізі деп бағалаған. Әсіресе қоршаған ортаға қамқорлық танытып, ерекше мән берілген.
Бүгін Наурызнама онкүндігі Тазару күнімен қорытындыланды. Бұл ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ботаникалық бағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» жобасы аясында тал егу рәсімі ұйымдастырылды.
Экологиялық мәдениетті арттыруды мақсат еткен іс-шараға ҚР Парламентінің, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, облыстық мекеме басшылары, университет ұжымы мен профессор-оқытушылар қатысты.
Өткен жылы ботаникалық бақ облыс әкімінің қолдауымен және университеттің өз есебінен толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін тас төсеніштер төселіп, шатыр орнатылды. Арнайы демалыс орындары мен жарықтандыру жұмыстары жасалынды. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ботаникалық бағында 18 түрлі 2500-нан аса сәндік және жеміс ағаш бар. Сонымен қатар 800 шаршы метрді құрайтын жылыжай орналасқан.