
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы мен студенттері Наурызнама онкүндігінің Жаңару күнінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Community Gardens» қоғамдық бақтарын құру мақсатында көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Акцияға Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова бастаған оқу орнының қызметкерлері қатысып, университеттің ботаникалық бағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Сонымен қатар «Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасының оқытушылары мен студенттері университет жылыжайындағы көкөністерге күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп, жаңадан қызанақ, қияр көшеттерін отырғызды. Білім алушылар 2024 жылдың шілде-тамыз айларында егілген қияр, қызанақ өнімдерін жинап, өз қолдарымен өсірген көкөністерінің жемісін көрді.
Айта кетейік, ботаникалық бақтың жалпы көлемі 5 гектарды құрайды. Бұдан бөлек, өткен жылдан бастап 800 шаршы метрді құрайтын жылыжай іске қосылды. Университет жылыжайында биология және агрономия бағытындағы білім алушылардың зерттеу жұмыстарын жасап, тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік бар.
Наурыз айының соңында көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында ботаникалық баққа 1000 түп әртүрлі ағаш отырғызу жоспарлануда.