Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті «QazTehna» ЖШС корпоративтік университетінің базасында университет филиалын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жұмысшы мамандықтарын тану және танымал ету: білім беру Қарағанды облысының тұрақты дамуының драйвері ретінде» форумында жасалды.
Шара барысында білікті мамандарды даярлау тетіктері, еңбек нарығындағы сұраныс, білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл жолдары, сондай-ақ аймақтағы білім беру саласында қызмет көрсететін ұйымдардың білім беру бағдарламаларын түзету мәселелері талқыланды.
Университеттің диалог алаңында Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті профессорлық-оқытушылық құрамы мен сарапшылар қауымдастығы жиналды. Сонымен қатар форум аясында университет пен Қарағанды тұрмыстық техника зауыты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Біз білім, ғылым, өндіріс және әлеуметтік инфрақұрылымды басты орынға қоямыз. Тек осындай жағдайда ғана біз сапалы білім бере аламыз», – деді университет ректоры Ерқара Аймағамбетов.