Әзербайжанның АДА университетінде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, сондай-ақ екі елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген АДА университетінің ректоры Хафиз Пашаев шараға қатысушыларды қарсы алып, қазақстандық оқытушы құрамның кәсібилігін атап өтті. Сонымен қатар ол Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстардың жалғасын табатынын айтты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек екі ел арасындағы жоғары білім мен технологиялар саласындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашылғанына тоқталды. Министрдің пікірінше, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық қатынастар білім беру және ғылыми ынтымақтастықта да өз көрінісін табуы тиіс.
Саясат Нұрбек Қазақстанның Әзербайжанмен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуді көздеп отырғанын айтты. Ол қазіргі таңда екі елдің жоғары оқу орындарымен серіктестік жоспары мен инновациялық тәсілдерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Министр бірлескен жұмыстардың академиялық және зерттеу саласында жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталғанын мәлімдеді.
Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев Әзербайжан мен Қазақстан арасында білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды екендігін айтты. Ол екі ел арасындағы білім беру саласындағы ұқсас модельдерді жүзеге асыру туралы шешім қабылданғанын және бұл шешімдер әрбір мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескеріп қабылданғанын атап өтті. Министр сондай-ақ жоғары білімді нығайту және университеттердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету басты мақсат екенін айтты. Осы орайда ол Бакуде Қазақстан жоғары оқу орындарының білім беру көрмесін ұйымдастырудың академиялық ынтымақтастық үшін маңызды қадам екенін ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжанда білім саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтып, екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
«Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейту» тақырыбындағы панельдік пікірталас барысында «Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қос дипломды бағдарламалар: тиімді жүзеге асыру және ықпал ету стратегиялары», «Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық: инновацияларды дамыту және жаһандық серіктестік» және «Академиялық мобильділік пен мәдениетаралық ынтымақтастықты кеңейту» тақырыптарында пікір алмасу өтті.
Талқылаулардың нәтижесінде 40 меморандумға қол қойылды, оған екі елдің 17 университетінің өкілдері қатысты.