Нархоз университетінде Құқық және мемлекеттік басқару мектебі жанынан құрылған Global Research Center – SDDS (Sustainable Development & Data Driven Solutions) халықаралық ғылыми-білім беру және консалтингтік орталығы таныстырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жоғары білім беру саласын үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту жөніндегі бастамасы, сондай-ақ осыған байланысты әзірленген Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы еліміздегі барлық жоғары оқу орындарын дамытуға мақсатталған.
Осы бағытта Құқық және мемлекеттік басқару мектебі Global Research Center – SDDS халықаралық орталығын Нархоз университетінің қолдауымен германиялық серіктестермен бірлесіп ашты.
Орталықтың қызметі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, ғылыми мекемелерге, сондай-ақ Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі ғылыми-білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталады. Үлкен деректерді талдау (big data) мен модельдеу технологияларын қолдана отырып, орталық университеттерге халықаралық рейтингтерде алға жылжуға, корпоративтік басқаруды халықаралық стандарттарға сай дамытуға, халықаралық аккредитациядан өтуге, бағалау және тәуекелдерді басқару жүйелерін әзірлеуге қолдау көрсетеді.
Орталықтың талдау, тренинг және консалтингтік қызметіне ғылыми метрология, жоғары білім менеджменті және модельдеу саласындағы жетекші отандық және шетелдік сарапшылар қатысады. Мәселен, шетелдік сарапшылардың ішінде институционалдық стратегиялар жөніндегі сарапшы Майкл Каруана, рейтингтер жөніндегі сарапшы Барбель Экелманн, стратегиялық басқару жөніндегі сарапшы Ники Хорсмен, ғылыми зерттеулер жөніндегі сарапшы Мария Юдкевич, сапаны қамтамасыз ету және аккредитация жөніндегі сарапшы Ольгун Чичек бар.
Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені пайдалану нәтижесінде жеке жоғары оқу орындары да, жалпы ұлттық ғылым және жоғары білім беру жүйесі де нақты нәтижелерге қол жеткізе алады.