Бүгін, 26 ақпанда, Алматы қаласында «Ғылым ордасы» ғимаратында ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың 2024 жылғы лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Мемлекет басшысының ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру саясатының арқасында оң өзгерістер орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі ұлғайтылды, жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейтілді, ғылымды дамыту және технологиялық саясатты іске асыруға бағытталған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданып, ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары артты, Ұлттық Ғылым академиясының институционалдық рөлі нығайды.
Сонымен қатар министр Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевты туған күнімен құттықтап, оның ғылым мен білім саласындағы аса зор еңбегі мен жетістіктерін жоғары бағалады.
Салтанатты шара аясында министр Саясат Нұрбек сыйлықтар мен стипендиялар лауреаттарына дипломдар, төсбелгілер мен сертификаттар табыс етті. 2024 жылғы ғылым саласындағы атаулы сыйлық иегерлері:
Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев мемлекеттік ғылыми стипендиялардың лауреаттарын марапаттады.
Жетекші ғалымдар мен жас ғалымдар 2024 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурсының жеңімпаздары атанып, ғылым мен білім саласына қосқан үлестері үшін жоғары бағаланды. Марапатталған ғалымдар өз зерттеулерінде жаңа бағыттарды ашып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда.