ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «U-FUTURE» ЖШС арасындағы 2019 жылдан бастап 2024 жылға дейін жалғасқан мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің аяқталғанын хабарлады.
МЖС туралы келісім 2025 жылдың 17 қаңтарында екі тараптың өзара келісімі бойынша МЖС келісімінің 22.4.2 тармағына және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы» Заңының 49-бабының 1-тармағына сәйкес тоқтатылды. Барлық серіктестік мақсаттары толық жүзеге асырылып, ынтымақтастық сәтті аяқталды деп танылды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атқарылған жұмыстың маңыздылыған атап өтті.
«U-FUTURE» ЖШС-мен серіктестік білім беру саласындағы бірқатар мемлекеттік тестілеуді электронды форматқа көшіруде маңызды рөл атқарды, оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ), педагогтердің білімін бағалау (ПББ), докторантура мен магистратураға қабылдау емтихандары және басқа да тесттер болды. 2019 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тестілерін цифрландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Бұл емтихан процестерін барлығына ашық, технологиялық жағынан ыңғайлы етіп, жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде Қазақстан ТМД елдері мен Орталық Азия арасында мемлекеттік білім беру тестілерін цифрландыру бойынша көшбасшы болып табылады, өйткені бұл аймақта осындай ауқымды және жаппай емтихан процесін автоматтандыру бойынша баламасы жоқ. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу мемлекеттік білім беру тестілерінің сапасын және қолжетімділігін арттырып қана қоймай, еліміздің цифрлық трансформация стратегиясына сәйкес келеді.
«U-FUTURE» ЖШС мен оның акционері Бахаридин Аблазимовке нәтижелі ынтымақтастық пен білім беру инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі және білім беру саласында мемлекеттік тестілеуді электрондық форматта одан әрі жүргізуге мүмкіндік беретін жабдықты өтеусіз бергені үшін алғысымды білдіремін», – деді министр.
Серіктестік аяқталғаннан кейін МЖС шарты шеңберінде «U-FUTURE» ЖШС акционері Бахаридин Аблазимов жалпы бағалау құны 1,1 млрд теңгені құрайтын UStudy тест орталықтарының жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз етуін мемлекет меншігіне өтеусіз беру туралы шешім қабылдады. Осының арқасында елімізде 6300 жұмыс орнына арналған 45 өңірлік тестілеу орталықтарының заманауи желісі құрылды. Олардың жабдықтарына UStudy ұсынған 5300 компьютер, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің бағдарламасы бойынша бұрын алынған 1000 техника кіреді.