Бүгін Грузия Премьер-Министрі Иракли Кобахидзенің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша 5 білім алушымен теңгерімді алмасуды қарастырады.
Биылдан бастап Қазақстан азаматтарының Грузияда тегін білім алып, стипендия иеленуге мүмкіндіктері бар.
Екі ел министрлерінің кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың келешегі, академиялық мобильділікті кеңейту, ғылыми тағылымдамалар мен шетелдік студенттер санының артуы мәселелері талқыланды.
Министр Саясат Нұрбек Грузия мамандарының Қазақстан жоғары оқу орындарында даярлануының маңызды екенін және де еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосуы мүмкіндігін атап өтті
Министр Александр Цуладзе жоғары білімнің соңғы даму үрдістері туралы айтып, бірлескен ғылыми ынтымақтастықты дамыту маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, министр Цуладзе Саясат Нұрбекті жақын арада Грузияға шақырып, жаңа Кутаиси халықаралық мемлекеттік университетінің қызметімен танысуға ұсыныс жасады.
Ресми кездесудің қорытындысында министрлер Қазақстан мен Грузияның жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың табысты дамуына сенім білдірді. Олар қол қойылған келісімнің екі елдің студенттері мен ғалымдарына білім мен ғылымды одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.