Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Тяньцзинь кәсіптік институтымен (ҚХР) серіктестікте іске қосылған бірегей халықаралық «Лу Бань Шеберханасы» жобасының алғашқы жылы аяқталды.
Қысқа уақыт ішінде жоба елдегі инженерлік-техникалық білім беруді дамыту үшін негізгі трамплиндердің біріне айналып, әсерлі нәтижелерге қол жеткізді.
«Лу Бань Шеберханасы» жобасын жүзеге асыру 2023 жылы білім және технологиялар саласындағы Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық ынтымақтастығының бір бөлігі ретінде басталды. Жоба инженерия, смарт-технологиялар және көлік саласы бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау алаңын құруды көздеді.
Бірінші кезең аясында университеттің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды: әлемдік деңгейдегі технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заманауи қытайлық жабдықтар орнатылып, ШҚТУ оқытушылары Тяньцзинь кәсіптік институтының базасында біліктілігін арттырды.
Жобаның бірінші жылында инженерия және көлік саласымен байланысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттердің саны екі есе артты. Сонымен қатар, университеттің білім беру бағдарламалары жаңа инновациялық бағдарламамен толықты, ал қолданыстағы бағдарламалар озық технологиялар мен тұрақты дамуға баса назар аудара отырып жаңғыртылды.
Шеберхананың сәтті жүзеге асуы жаңа серіктестерді – Allur, QazTehna және Astana Motors сияқты ірі автомобиль зауыттарын тартуға ықпал етті. Олардың қолдауымен студенттерге тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу, сондай-ақ нақты өндірістік жобаларға қатысу мүмкіндігі ашылды.
ШҚТУ-да «Лу Бань Шеберханасы: нәтижелер, міндеттер, перспективалар» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде шеберхананың алғашқы жылына арналған қорытындылар жасалып, болашақ жоспарлар талқыланды. Алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын кеңейту және серіктестермен, соның ішінде халықаралық деңгейде ынтымақтастықты тереңдету жоспарланып отыр. Ерекше назар ғылыми зерттеулерді дамытуға және автомобиль зауыттары мен технологиялық компаниялармен бірлескен жобаларға аударылатын болады.
Жобаны жүзеге асыру инженерлік-техникалық білім беруді және өңір мен елдің экономикалық өркендеуін дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Шеберхана жаңа буын инженерлерін, кез келген өзгерістерге дайын жоғары білікті мамандарды даярлау үшін тиімді платформа ретінде өзін танытты.