Алматыда бүгін, 11 желтоқсан күні, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Жаһандану жағдайында білім беру бағдарламаларын жобалау және іске асыру сапасының индикаторы ретінде жұмыс берушінің кәсіби даярлықтағы рөлін арттыру» атты III Халықаралық форум өтті.
Форумға білім беру сапасын арттыру және университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту мәселелерін талқылау үшін Түркия, Қытай, Корея, Қырғыз Республикасы және Ресей елдерінің жетекші сарапшылары, оқытушылар және бизнес өкілдері қатысты. Форум кәсіби даярлық саласында тәжірибе алмасу және инновациялық әдістерді енгізу үшін маңызды алаңға айналды.
Форумның салтанатты ашылуында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова сөз сөйлеп, университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтудың білім сапасын арттыру және динамикалық дамып келе жатқан салалар үшін жоғары білікті кадрларды даярлаудағы маңыздылығын атап өтті.
Спикерлер арасында Huatec (Қытай) халықаралық білім беруді жоспарлау жөніндегі директоры Тони Сан болды, ол инновациялық білім беру тұжырымдамалары мен біліктілікті арттыру туралы тоқталып өтті. Global Korea Center (Корея) орталығы директоры Хон Джин Сон Қазақстанда цифрлық индустрияны дамыту үшін экожүйе құру стратегиясын ұсынды. Қазақстандағы және Орталық Азиядағы АССА өкілдігінің басшысы Жанна Ескенова студенттерді халықаралық стандарттар бойынша даярлау тәсілдеріне тоқталды. «Атамекен» ҰКП директорының орынбасары Жанар Туребекова еңбек нарығы мен бизнестің өзекті мәселелерін талқылады. «Академсеть» компаниясының бас директоры Тахир Такабаев IT-мамандықтары үшін өндірістік-практикалық базалар туралы баяндама жасады.
Форум барысында ХИТУ-дағы заманауи зертханалардың ашылуы маңызды кезең болды. Шара аясында бағдарламалық инженерия, биохимиялық инженерия, азық-түлік өндірісі технологиялары және смарт-технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу зертханаларының салтанатты ашылуы өтті. Бұл инновациялық кеңістіктер студенттер мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, нарықтың қазіргі талаптарына сәйкес мамандарды практикалық даярлауға мүмкіндік береді.
Іс-шарада зертханалар мен зерттеу орталықтарын дамыту, халықаралық стандарттар мен заманауи салалардың талаптарына сәйкес келтіру сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Форум сарапшылары биохимиялық инженерия, смарт-технологиялар және экономика сияқты әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс сессияларына қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Форум аясында «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты», «Korean Global center», «Prosnab-service», «Ifc colos», «Byte Machine» кәсіпорындарымен келісімшарттарға қол қойылды.
Форум академиялық қауымдастықты, жұмыс берушілер мен студенттерді әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тиімді кәсіби оқыту жүйесін құру үшін біріктіретін білім беру саласындағы маңызды оқиға болды.