АBAI UNIVERSITY-ДЕ ЛОТАРИНГИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

АBAI UNIVERSITY-ДЕ ЛОТАРИНГИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

АBAI UNIVERSITY-ДЕ ЛОТАРИНГИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр.

Лотарингия университеті – Францияның 13 қаласында 49 оқу ғимараты бар жетекші француз университеттерінің бірі. Лотарингия университеті мен Абай университеті арасында ынтымақтастық бұрыннан жолға қойылған.

Филиалдың салтанатты ашылу шарасында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арнайы мемориалдық тақтаны ашты. Қонақтар сондай-ақ француз тіліндегі алғашқы Орталық-Азия кітапханасының ашылу салтанатына куә болды. Олар филиалдың ашылуы білім және ғылым саласына жаңа леп алып келетіндігін жеткізді.

Айтулы күнде 1 курс студенттеріне ректордың білім гранттары табыс етілді. Сонымен қатар «Халықаралық құқық» қос дипломды бағдарламасының түлектеріне Лотарингия университетінің дипломдары берілді.

Жиын соңында Абай университеті ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясымен, Лотарингия университетінің Құқық, экономика және басқару институты және Қазақстан-Франция Сауда-Өнеркәсіп палатасы арасында бірнеше ортақ келісім жасалып, тараптар өзара меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта білім, ғылым және адам құқықтары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, құқық саласындағы француз-қазақстандық қос диплом бағдарламасын іске асыру, кәсіптік даярлау, жұмысқа орналастыру және француз тілін үйрену саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша ортақ жобалар іске асатын болады.