ABAI UNIVERSITY: СОРБОННА-ҚАЗАҚСТАН ИНСТИТУТЫНА 10 ЖЫЛ

ABAI UNIVERSITY: СОРБОННА-ҚАЗАҚСТАН ИНСТИТУТЫНА 10 ЖЫЛ

ABAI UNIVERSITY: СОРБОННА-ҚАЗАҚСТАН ИНСТИТУТЫНА 10 ЖЫЛ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна-Қазақстан институтына 10 жыл. Осыған орай, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге Абай университетіне арнайы келді. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп әуелі құрметті қонаққа университеттің тарихын айтып өтіп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен қолөнер туындылары қойылған мұражаймен таныстырды.

Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтын құру туралы алғашқы меморандумға 2013 жылы Сорбонна Париж-Сите университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында қол қойылды. Ал институттың салтанатты ашылуы 2014 жылғы 6 желтоқсанда екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өтті. Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты ашылғаннан бері әлемдік Франкофония желісіне қосылып, AUF (Франкофондық университеттер агенттігі) толыққанды мүшесі болды. Сорбонна-Қазақстан институты құрылған кезде 2014 жылы екі білім беру бағдарламасы ашылды, ал студенттердің жалпы контингенті 40 адамды құрады.

2018 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы институттың барлық білім беру бағдарламаларында француз тілін үйретуді күшейту туралы шешім қабылдады. 2018 жылдан бері институт 1200-ден астам студент шығарды. 170-тен астам студент Францияның серіктес университеттерінің дипломымен француз тілінде диссертацияларын сәтті қорғады.

Университет ректоры Болат Тілеп Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен бірге Сорбонна-Қазақстан институтының 10 жылда атқарған жұмысымен танысты. Құрметті қонақ университет студенттері мен оқытушыларымен жүздесіп, «Дипломат жолы» тақырыбында дәрісін өткізді. Арнайы дәрістен соң, Сильван Гиогеге Абай атындағы ҚазҰПУ «Құрметті профессоры» атағы берілді.