Әкім Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қытайға ресми сапары аясында Шэньси провинциясында болды. Сиань қаласында өңірлер арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған негізгі кездесулер өтті. Облыстық делегация құрамында Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ербол Исақаев және Агротехнологиялық факультетінің деканы Алтын Шаяхметова бар.
Сапар барысында аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын, Қозыбаев университетінің ғылыми және білім беру жобаларын дамытатын бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл уағдаластықтар бірлескен зерттеулерді іске асыруға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығына, озық технологияларды енгізуге және Солтүстік Қазақстанның аграрлық секторына инвестициялар тартуға бағытталған.
7 жылдан астам уақыт бойы ЖОО Қытайдың жетекші ғылыми және білім беру орталығы – Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен (СБАШОШУ) стратегиялық серіктестікті жүзеге асырып келеді. Ол инновациялық технологиялар мен су ресурстарын басқару саласындағы озық әзірлемелерді жүргізеді. Жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде едәуір нәтижелерге қол жеткізді: магистратураның қос дипломды бағдарламалары ашылды, студенттермен академиялық алмасу белсенді жүзеге асырылады, дақылдарды сорттық сынау бойынша екіжақты зерттеулер жүргізіледі, СҚО-да су ресурстары орталығы мен Агрокомпетенциялар орталығы ашылды.
Енді Шэньси провинциясындағы СБАШОШУ базасында Қытай-Қазақстан мал шаруашылығы бойынша бірлескен зертхана іске қосылды.
Өсімдіктер селекциясы, жануарлар генетикасы және су ресурстары саласындағы бірлескен жобалар Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізу үшін бірегей мүмкіндіктер ашады. Бұл әзірлемелер мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға және суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе аймақ үшін маңызды.
Қытайға сапары барысында қол қойылған тағы бір маңызды құжат – Қозыбаев университеті мен Xi'an Hytech Agrochemicals Co компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы шарт. Оның аясында оқытушылар мен магистранттардың ғылыми тағылымдамадан және қазақстандық студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуі үшін заманауи база ашылды.
Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев өндіріс орындары мен Xi'an Hytech Agrochemicals Co зертханасын аралап, компанияның озық технологияларымен танысты. Ол өсімдіктерді қорғаудың инновациялық құралдарын, соның ішінде олардың иммунитетін арттыру үшін тиімді бактериялық препараттарды әзірлеуге маманданған. 70-тен астам ұлттық патент пен 40 салалық марапатқа ие.
Бұл келісім Қозыбаев университетінің Агротехнологиялық факультетінің студенттері мен оқытушылары үшін тағылымдамадан өтуге, бірлескен зерттеулерге қатысуға және өсімдіктерді биоқорғау саласындағы жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндіктер ашады. Серіктестік өңірдің аграрлық секторын дамытуға және жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосады.