
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ ХЕРИОТ-УОТТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН АҚТӨБЕДЕГІ КАМПУС ЖҰМЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
2024 жылғы 18 қыркүйек күні Эдинбургте Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов Хериот-Уотт университетінің басшылығы - провост Стив Маклафинмен, вице-провост Марк Биггспен кездесті. Кездесу барысында қос тарап Ұлыбритания мен Қазақстанның білім беру саласын дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. Талқылау барысында Хериот-Уотт университеті мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың нәтижелері туралы айтылды.
Мағжан Ілиясов мырза Ұлыбританияның ең көне техникалық университеті Қазақстанның Батыс аймағындағы ең ірі оқу орнымен белсенді ынтымақтастықта екенін атап өтті. Әсіресе Хериот-Уотт университетінің Ақтөбе кампусын ашу жобасы Қазақстандағы британдық білім беру жүйесін одан әрі дамытудың жаңа перспективаларын ашып, екі ел арасындағы жан-жақты байланысты нығайтуға ықпал ететіндігіне тоқталды.
Ал провост Стив Маклафин өз кезегінде бірлескен жұмыстың нәтижелерін жоғары бағалап, аталған жобаның екі тарап үшін табысты әрі маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, провост Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығына алғысын білдірді.
Сол күні Мағжан Ілиясов мырза Шотландия Парламентінің қабылдауына қатысып, парламент мүшелеріне университет арасындағы екі жақты әріптестік туралы айтып таныстырды.
Бұл кездесу Қазақстан мен Ұлыбританияның білім саласындағы серіктестігін нығайту мен кеңейтудегі маңызды қадам. Әрі бірлескен бастамалар мен жобаларды одан әрі ілгерілетуге және дамытуға оң ықпал етеді.