Shakarim University Абай облысының мектептеріндегі педагог-кәсіптік бағдар беруші мамандарға «Кәсіби бағдар беру: мазмұны мен әдістемесі» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Басты мақсат - мектеп оқушыларымен кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыруға мамандардың кәсіби құзіреттілігін арттыру және әдістемелік көмек көрсету. 150-ге жуық маманға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев пен 13 жылда 100 мыңнан астам оқушыға кәсіби бағдар берген профориентолог маман Айдос Жұманазаров кәсіби бағдар берудің қыр-сыры туралы өзекті ақпаратты ұсынып, нақты кейстерді талқылады.
Семинардың екінші бөлімінде ЖОО-ның ғалымдары кәсіптік бағдар берудегі заманауи тәсілдер мен әдістемелерді зерделеуге бағытталған психологиялық workshop, шеберлік сыныптар, шағын дәрістер мен тәжірибелік алаңдар ұйымдастырды. Білім алушылардың дамуының жеке траекторияларын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру қызметінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану және оқушылармен өзара іс-қимылдың психологиялық аспектілеріне басты назар аударылды. Қатысушылар тәжірибе алмасуға және сын-қатерлерді талқылауға мүмкіндік алды.
Басқосу «Кәсіптік бағдар беруші - Оқушы - Ата-ана» жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылау мен шешу жолдарын ұсынатын платформаға айналды. Бұл сайып келгенде талапкерлердің болашақ мамандығы мен білім алу жолын таңдауға дайындығын жақсартады.
Іс-шара оқу орнының “Қарагөз” студенттік-жастар театрының “Мұңлы муза” қойылымымен жалғасын тапты.