ТҮРКІСТАНДА «АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ОНЫҢ МҰРАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАНДА «АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ОНЫҢ МҰРАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТІП ЖАТЫР

     Түркістанда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Аталған жиынды өткізу туралы бастаманы ҚР Президенті өткен жылы ШЫҰ саммитінде айтқан болатын. Конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Катар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысуда.

    Халықаралық жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын оқып берді.

    «Алтын Орда орталық Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттық саяси-экономикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!» - делінген құттықтау хатта.

    Ашылу рәсімінде Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова бұл шара аясында Еуразия құрлығының саяси, мәдени және әлеуметтік тарихын зерделеудің заманауи тенденциялары дәріптелетін болатынын атап өтті.

    Жиынға қатысушылар алдымен «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Конференция барысында екі пленарлық сессия шеңберінде ғалымдар түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, талқылауларға қатысты. Пленарлық сессиялар «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері бойынша көшпенділер мен фермерлердің тарихи-мәдени симбиозы: міндеттері, ерекшеліктері мен перспективалары» бағыттары бойынша жүргізілді.

   Сондай-ақ іс-шара аясында қатысушылар мен қонақтар ортағасырлық сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, қаланың көрікті орындарын тамашалайды деп жоспарлануда.  

   Айта кетейік, конференцияның негізгі мақсаты – академиялық және заманауи ғылыми-білім беру қауымдастықтарының өкілдері Алтын Орданың әлемдік тарихтағы рөлі мен маңызын талқылай алатын, осы тақырыпты зерттеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері мен үрдістері, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мүмкіндігі туралы пікір алмасу үшін ашық алаң құру.