AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚЫТАЙЛЫҚ АЛЫП КОМПАНИЯМЕН КЕЛІСІМШАРТҚА ОТЫРДЫ

AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚЫТАЙЛЫҚ АЛЫП КОМПАНИЯМЕН КЕЛІСІМШАРТҚА ОТЫРДЫ

    С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті делегациясы HAIER HAITECH компаниясымен ынтымақтастық туралы шарт жасасу мақсатында ҚХР-ға арнайы барды.

    Бұл компания – әлемдегі төртінші ірі тұрмыстық техника өндірушісі, сондай-ақ «Сапа көшбасшысы» құрметті атағына ие және 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында тұрмыстық техниканың ресми демеушісі болған ірі ұйым. Соңғы он жыл ішінде HAIER HAITECH білім беру, денсаулық сақтау, тау-кен өнеркәсібі үшін жасанды интеллект негізінде жабдықтар өндірумен айналысып келеді. Сонымен қатар «Smart City», «Smart Home», «Қауіпсіз қала», «Дөңгелекті үй» жобаларын іске асырады.

    «Біз жаңа серіктесімізбен бірлесе отырып, білім беру процесінде IT-құралдарды кең ауқымда пайдалануды, тау-кен өндіру өнеркәсібі үшін білікті мамандар даярлауды жоспарлап отырмыз. Соңғы оқиғаларға байланысты біз гидроқұрылыстардағы қирау қаупінің алдын алуға ерекше назар аударып отырмыз. Еліміздегі бөгеттерді қосымша қорғау үшін заманауи технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

    Сонымен қатар тараптар университет базасында «Smart library» және «AI Smart classroom» жобаларын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Тиісті жұмыстар осы жылдың шілдесінде басталады.