ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҮШІН ЗЕРТХАНАЛЫҚ КОРПУСТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҮШІН ЗЕРТХАНАЛЫҚ КОРПУСТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

    І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде  «Жетісу ғылыми-білім беру орталығы» зертханасының құрылысын бастау рәсімі өтті. Нысан университеттің  аумағында салынып, бірнеше бағытта ғылыми зерттеулер жүргізетін зертханаға айналмақ. Жиында  университет Басқарма төрағасы - ректор Ермек Бөрібаев құттықтау сөз сөйлеп, жобаны толық жүзеге асыру үшін бүгінгі таңда  жол картасы бекітіліп, даму бағдарламасы әзірленгенін, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган  және бизнес-құрылымдары өкілдерімен жобалық офис құрылғанын жеткізді.

    «Жетісу ғылыми-білім беру орталығын құру арқылы, біз, университеттің заманауи академиялық және ғылыми-зерттеу экожүйесін дамытуды мақсат етіп отырмыз. Бұл орталық университеттің ғана емес өңірдің ғылыми әлеуетін дамытып, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға септігін тигізеді деп сенемін», - деді ректор.

    Орталық базасында STEM lab: жаратылыстану ғылымдары мен технологияларының ғылыми-оқу зертханасы, EcoAnalysisLab, Молекулярлық биология,  Метрология және сертификаттауды стандарттау зертханасы  ашылады. Онда студенттер, жас ғалымдар, тәжірибелі ғалымдар серіктес шетелдік ЖОО ғалымдарымен бірлескен зерттеулер жүргізетін болады.

    Естеріңізге сала кетейік, Академиялық артықшылық орталығын құру Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін елдің неғұрлым бәсекеге қабілетті 20 ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтар құру» (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КЕАҚ  аймақтық мықты 15 ЖОО тізіміне енген.

    Зертхана корпусының құрылысы осы жылдың сәуір айында басталып, тамыз айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.