АҚТАУЛЫҚ СТУДЕНТ ПЕТРОПАВЛДА АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚЫП ЖАТЫР

АҚТАУЛЫҚ СТУДЕНТ ПЕТРОПАВЛДА АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚЫП ЖАТЫР

    М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Аризона университетімен бірлескен бағдарлама бойынша Маңғыстау облысынан келген студенттер білім алуда. Солардың қатарында арнайы педагогика және инклюзивті білім бағдарламасында оқып жатқан Гаухар Сағыныш есімді студент.

    "Аризона университетінің филиалы ашылғандығы жөнінде Ақтаудағы университетке құжат тапсыруға барғанда білдім. Ең басты артықшылығы қазақстандық және американдық диплом алу мүмкіндігі, сондай-ақ оқудың ағылшын тілінде жүргізілетіндігі. Аризона университетінде оқу мен үшін үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз", - дейді Гаухар.

    Бұл бағдарлама бойынша білім алып отырған студенттің ата-анасы ақтаулық Бауыржан Сағынышұлы қашықтық сапалы білім алуға кедергі болмауы керек деген ұстанымды ұстанады. Ол қазақстандық студенттерге арналған мұндай бағдарлама жас ұрпақ алдында көптеген есіктерді ашатынын атап өтті.

    Сонымен қатар, Kozybayev University-ге Астана, Алматы, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан жастар келген.

    Семей қаласынан келген студент Рүстем Иманғазиннің пікірінше, Аризона университетімен бірлескен бағдарлама білім алушылар үшін өз әлеуетін біздің елде ғана емес, шет елдерде де жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

    «Мен бағдарлама туралы бір жарым жыл бұрын, кәсіби бағдар кеңесшісі оқуға түсу мүмкіндіктері туралы айтқан кезде білдім. Бұл бағдарлама мені бірден қызықтырды. Бағдарламаның артықшылықтары айқын. Біз бағдарламалауды екі түрлі тәсілмен үйренеміз. Оқуды аяқтағаннан кейін біз Қазақстанда да, АҚШ-та да жұмыс істей аламыз. Мысалы, Аризона университетінің түлектері Google, Apple сияқты корпорацияларда жиі жұмыс істейді», - деді қос диплом бағдарламасының студенті.

    Аталған халықаралық білім беру жобасы СҚУ базасында 2022 жылдың 6 қыркүйегінен бастап Аризона университетімен бірлесіп жүзеге асуда. Биыл 500-ден астам студент серіктестік бағдарламасы бойынша оқу гранттарын алды. Қос диплом бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыру биотехнология, ақпараттық технологиялар және инклюзивті білім беру үш бағыты бойынша жүргізіледі. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар қазақстандық және американдық екі диплом алады.