«ҚР КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ СЕНАТТА МАҚҰЛДАНДЫ

«ҚР КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ СЕНАТТА МАҚҰЛДАНДЫ

    18 сәуірде ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, онда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды.
 
    Заңның мақсаты ғылым және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру болып табылады.
 
    Заңның негізгі міндеттері ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуға және ғылымдағы қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған жаңашылдықтар енгізу болып табылады.
 
    Заңда жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру көзделеді. Атап айтқанда, өңірдің басым бағыттары бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру бойынша құзыреттер енгізіледі.
 
    Сондай-ақ, заңда жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын педагогтерге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге негізгі жалақыға қосымша ақы белгілеу жөніндегі нормалар көзделеді. Жоғары оқу орындарында және ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдар үшін ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау үшін шығармашылық демалысқа құқық беріледі.
 
    Заңда ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұстанатын әдеп қағидаттарының, қағидалары мен нормаларының жиынтығы ретінде «ғылыми әдеп» ұғымы енгізіледі, сондай-ақ ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті айқындалады.
 
    Сондай-ақ, заңмен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер, сондай-ақ жатақханадан орын алуға басым құқық беріледі.
 
   Бұдан басқа, заңда жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүргізу тәртібі регламенттеледі.