МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ МОҢҒОЛИЯЛЫҚ ҚАНДАСТАРДЫ ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ОҚЫТАДЫ

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ МОҢҒОЛИЯЛЫҚ ҚАНДАСТАРДЫ ҚОС ДИПЛОМ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ОҚЫТАДЫ

    Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасының жетекшісі Бағлан Мағауқызы Жапарова Моңғолияға іс-сапармен барды.  

    Іс-сапар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Моңғолия мемлекеттік білім университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры, PhD доктор Жылқайдар Хиналғанның ұсынысымен «Бастауыш білім» бағдарламасында оқитын студенттерге балалар әдебиеті пәнінен дәріс оқуда.

     Осы кездесу аясында екі университет арасындағы ынтымақтастық байланыс тереңдей түспек. Мәселен, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі білім беру» бағдарламалары студенттеріне арналған қос диплом бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты дайындық жұмыстары да жүргізілуде. Моңғолия мемлекеттік университетінің Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры Ж.Хиналған бастаған профессорлық-оқытушылық құрамнан жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы қос диплом бағдарламасының қос тарапқа тиімділігін ашып, кездесетін қиындықтарын жан-жақты талқыламақ. Сонымен қатар, келесі оқу жылына академиялық ұтқырлық аясында екі университет студенттері үшін тәжірибе алмасу жұмыстарын бастау мәселесі де қаралды.

    Қос дипломдық жоба бүгінде әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл әсіресе бүгінде көрші елде тұратын және болашағын Қазақстанмен байланыстыратын қазақ студенттері үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Сондықтан, болашақта екі оқу орын арасында қос дипломдық жобасы қолға алынуы ықтимал. Егер бағдарлама іске асса Моңғолиядағы қазақ студенттері Қазақстанға келген жағдайда немесе Қазақстандық студенттер жұмыс бабымен, отбасылық жағдайымен Моңғолияға барған жағдайда екі елдің дипломын бірдей алады.  Бұл бағдарламаға қатысатын студенттер  4 жылдық бакалавриаттың екі жылын Моңголияда, екі жылын Қазақстанда оқитын болады.