ЕҰУ павильоны ең ірі APAIE халықаралық білім беру көрмесінде таныстырылды

ЕҰУ павильоны ең ірі APAIE халықаралық білім беру көрмесінде таныстырылды

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Австралиядағы ең ірі APAIE халықаралық жоғары білім конференциясында өз павильонын таныстырды. Биылғы жылы көрмеге әлемнің 300-ден астам жетекші университеттері қатысып, білім беру мүмкіндіктерін паш етті.

ЕҰУ халықаралық білім берудің жаңа көкжиектеріне ұмтылып, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы позициясын нығайта түсті. Ұлттық университет ең ірі APAIE конференциясына екінші рет қатысып, халықаралық бағдарламалары мен жобаларын таныстырды. Көрмені 2 мыңнан астам делегат тамашалады.

«ЕҰУ халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, студенттер мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуде. APAIE конференциясы біз үшін өте нәтижелі өтті. Біз 50-ден астам университет өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, Жапония мен Сингапурдың жетекші университеттерімен ынтымақтастық бағыттарын талқыладық. Шетелдік серіктестер ағылшын тіліндегі техникалық және инженерлік бағдарламаларымызға үлкен қызығушылық танытты. Біз әлемдегі ең үздік бизнес мектептерінің бірімен бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Халықаралық технологиялар трансферті инновациялық шешімдерді қолдануды кеңейтуге және университетіміздің халықаралық жобаларын дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕҰУ Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.

Халықаралық конференцияға қатысушылар тұрақты дамуға, интернационалдандыруға, стратегиялық тұрақты серіктестікті кеңейтуге ерекше назар аударды. Бұл бағытта ЕҰУ өкілдері Тұрақты даму саясатын жүзеге асыру және тұрақтылық қағидаттарын оқу үдерісі мен университет өмірінің барлық аспектілеріне енгіз жайлы айтты.

Өткен жылы ЕҰУ білім беру процесін Бангкоктағы APAIE көрмесінде таныстырды. Бұл аймақтағы университеттермен ынтымақтастықты дамытуға оң ықпал етіп, академиялық ұтқырлық аясында Таиланд, Вьетнам және басқа елдердің студенттері ЕҰУ-да білім алуда.

Айта кету керек, APAIE – әлемнің түкпір-түкпіріндегі академиялық орта өкілдері арасында білім мен тәжірибе алмасуға арналған ең үлкен үш ірі алаңның бірі.