Торайғыров университетінде 2015 жылдан бері «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 600-ге жуық жас білім алды.
10 жыл бұрын бастау алған «Серпін» бағдарламасы жұмыс күші көп өңірлерде жастар арасында жұмыссыздықты азайту және кәсіби кадрларды толықтыруды көздейді.
«Мен азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша үшінші курста оқимын. Бұл бағыт жоғары сұранысқа ие. Оқуымды тәмамдаған соң алған білімімнің арқасында ғылыми еңбекке аралассам деймін. Магистратураға түскім келеді», - деді Дильназ Қаныбекқызы.
ToU-да студенттер «Серпін» бағдарламасы бойынша автоматтандыру және басқару, инженерлік жүйелер және желілер, ақпараттық жүйелер, сәулет, азық-түлік өнімдерін өндіру технологиясы және өзге мамандықтар бойынша оқиды.
«Серпін» бағдарламасының мақсаты — білім беру кеңістігін барынша тереңдетіп, барлық аймақтарды, оның ішінде халық тығыз орналасқан облыстарды қамту. Студенттік жастардың көші-қоны есебінен біз кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, бір бірінен алыс өңірлерде тұратын жастар арасында байланыс пен диалог алаңын қамтамасыз етеміз. Қазақстан секілді үлкен ел үшін бұл үлкен үлес», - дейді ЖОО ректоры Еркін Садықов.
«Серпін» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен талапкерлер жатақханамен қамтылады. Сонымен қатар, оқуды аяқтаған соң еңбекпен қамту бойынша көмек алуға құқылы.