MIND ғылыми-талдау орталығы ашылды

MIND ғылыми-талдау орталығы ашылды

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Maqsut Narikbayev University-де MIND қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына қатысты.

MIND талдау орталығы ғылыми ой мен тәжірибені «Think & do tank» форматында біріктіретін алаң. Аталмыш форматтың ерекшелігі тек ұсыныстар беру емес, әрекет етуге бірегей мүмкіндік жасау.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Саясат Нұрбек күрделі геосаяси, экономикалық және өңірлік жағдайларда аналитика, сараптамамен жұмыс істеудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ ол Ғылым және жоғары білім министрлігі MIND ғылыми-талдау орталығының жобалары мен бастамаларын қолдауға дайын екенін айтты.

MIND-тың ұстанымы – Орталық Азия мен жалпы әлемде тұрақты даму мақсатына жетуге ұмтылу және қолданбалы зерттеулер үшін сарапшыларды біріктіру. Сондай-ақ, талдау орталығының құндылықтары жүргізіліп жатқан зерттеулердің тәуелсіздігінен, академиялық адалдықтан, ынтымақтастық пен серіктестіктен, ашықтықтан, қоғаммен байланыстан және нәтижелерге қол жеткізуден тұрады. Орталықтың мақсаты – тәуелсіз қолданбалы зерттеулер жүргізу, стратегиялық шешімдер қабылдау сапасын дамыту, кеңес беру, әріптестік орнату және MIND институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

MIND – бейтарап аналитика шығаратын тәуелсіз идеялар фабрикасы екенін және Maqsut Narikbayev University профессорлық-оқытушылық құрамының әлеуетіне сүйенетінін айта кету керек.

Сонымен қатар, MIND орталығы MNU мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірлескен жобалық кеңсесі болып табылады. Бұл халық пен бизнестің кең топтарының биліктің заң шығарушы тармағымен байланысын қамтамасыз етеді және өзекті заңнамалық бастамаларды әзірлеуге ықпал етеді.

Іс-шара аясында MIND-тің кейбір ғылыми зерттеулерінің нәтижелері таныстырылды және соңында ғылыми орталық бойынша экскурсия өткізілді, оның барысында бірқатар халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік компаниялармен әріптестік келісімдер жасалды.

Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев өз сөзінде ғылыми орталықтың ашылуына келген барлық қатысушыларға алғысын білдірді. «Қазіргі уақытта университет оқытушылық бағыттан зерттеу бағытына көшуге арналған жаңа даму стратегиясын әзірледі, ал MIND қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығы осы стратегияның ажырамас бөлігі»,- деді ол.

Қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанатына Үкімет Аппаратының, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің, жергілікті атқарушы органдардың, талдау орталықтарының, жоғары оқу орындарының және БАҚ-ның өкілдері қатысты.