ШҚТУ ғалымдары магнетронды бүрку технологиясын қолдану әдісін жүзеге асыруда

ШҚТУ ғалымдары магнетронды бүрку технологиясын қолдану әдісін жүзеге асыруда

Магнетронды тозаңдату (бүрку) – жұқа қабықшаларды катодты бүрку арқылы төсенішке қаптауға арналған арнайы технологиялық әдіс.

Ол қиылысқан өрістердегі диодты разрядтың көмегімен жүзеге асады. Магнетронды бүркудің технологиялық мәні - катодтың бетін бомбалаушы иондардың оны шашыратуында. Бүрку негізінде пайда болған тозаңдатылған бөлшектер төсеніштің бетіне қапталып, тығыз қабықша қалыптастыра алады. Магнетронды бүрку қазіргі кезде кең қолданысқа ие. Бұл технологияны жүзеге асыруға арналған құрылғылар магнетронды бүріккіш жүйелер (магнетрондар) деп аталады. Олардың көмегімен құралдарды, машина бөлшектерін, импланттарды және басқа да құралдарды қатайтуға болады.

Мұндай технология, мысалы, EPOS-PVD-440 вакуумдық бүріккіш қондырғысында бар, онымен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары жұмыс істейді. Бұл қондырғы магнетронды бүрку арқылы металл және диэлектрлік жабындарды алдын-ала иондық сәулемен тазартуға және өңделген төсеніштерді Цельсий бойынша 300 градусқа дейін қыздыруға арналғанын атап өту қажет. Сондай-ақ, кейбір бүріккіш өнімдерді орнату үшін арнайы жабдықты қолдануға болады.

«Менің зерттеу салам - ортопедияның әртүрлі салаларында қолданылатын, яғни биоүйлесімдік және бактерицидтік қасиеттері бар көпфункционалды металл жабындар. Осы қондырғының көмегімен біз бүрку процестерін жоспарлауды және басқаруды жүзеге асырамыз. Магнетронды қондырғының өзі радиожиілік тогы (RF) режимінде жұмыс істей алады және осы режим бойынша қондырғының бір нысанасы бар. Яғни, бүрку кезінде материалдың бір ғана түрін шашыратуға болады», - дейді ШҚТУ Smart Engineering құзыреттілік орталығының қызметкері, «Машина жасау» мамандығының магистрі Бауыржан Маратұлы.

Сондай-ақ, «Smart Engineering» құзыреттілік орталығының мамандары тікелей ток (DC) режимінде бүркумен айналысады. Бұл режим бойынша қондырғыда үш нысана орналасқан, сонымен қатар екі материал түрін бір уақытта бүркуге болады. Негізінде, алдымен магнетронды қондырғының камерасын алдын-ала дайындайды, содан кейін вакуумда бүрку процесі жүреді.

Қазіргі таңда қондырғы іске асырылып жатқан ғылыми жобаларда пайдаланылады. Соның бірі «Магнетрондық бүрку әдісімен Ti-Cu-Ta және Ti-Cu-Nb негізінде медициналық импланттардың бактерицидтік жабындарын қаптау технологиясын әзірлеу» гранттық жобасы бойынша ШҚТУ ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен Астана қаласындағы «Микроорганизмдердің республикалық коллекциясымен» ынтымақтастықта жұмыс жасауда. Институтта ШҚТУ ғалымдары дайындаған үлгілерге Петри табақшаларында бактерицидтік талдау жүргізеді.

Магнетронды қондырғыны университет қызметкерлері мен ғалымдары ғылыми мақсатта ғана емес, сонымен қатар студенттерді оқыту үшін білім беру процесіне де қолдануға болады.