Сәтбаев университеті QS рейтинг агенттігінен жоғары баға алды

Сәтбаев университеті QS рейтинг агенттігінен жоғары баға алды

Сәтбаев Университетіне британдық беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі алғаш рет аудиторлық тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша университет жоғары рейтингке – 4 жұлдызға ие болды.

QS Stars рейтинг жүйесі – 1-ден 5 жұлдызға дейін баға беруді көздейтін рейтингтік әдісті пайдалану арқылы университеттерді жан-жақты тиімді көрсеткіштері негізінде кешенді түрде сипаттап, оларға тереңдетілген баға береді.

Рейтинг санаттары бойынша Сәтбаев Университетінің нәтижесі төмендегідей болып шықты: білім сапасы – 5 жұлдыз, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша – 4 жұлдыз, ғылыми зерттеулер – 4 жұлдыз, интернационализация – 4 жұлдыз, қолайлы жағдай жасау – 3, инклюзивтілік – 3 жұлдыз.

«Тау-кен ісі» білім беру бағдарламасының «Мықты бағдарлама» санатына енуі – университет үшін ең маңызды жетістік болып табылады, өйткені бұл біздің техникалық университет ретінде мамандануымызды тек ұлттық деңгейде ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейде де тағы бір рет растап отыр.

Ресми QS деректері бойынша, әлемде тек 111 университетте ғана 4 жұлдыз бар. Ал Сәтбаев Университеті QS агенттігінің жоғары бағасын алған 112-ші университет атанды. Жаһандық рейтингтен айырмашылығы – QS Stars бағдарламасы аясындағы аудит университеттің сандық ғана емес, сапалық көрсеткіштеріне де сүйене отырып жүргізіледі.

Отандық ЖОО арасынан ҚР-ның тек 11 жоғары оқу орны ғана қатысады.

QS Stars University Ratings – QS Quacquarelli Symonds компаниясының арнайы рейтингі, ол студенттер мен сарапшыларға оқу орны туралы алуан түрлі әсер алуға мүмкіндік береді: түлектердің жұмысқа орналасуынан және білім мен ғылыми зерттеулердің сапасынан бастап, университеттің спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымдық орындармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ университеттің жергілікті қауымдастықпен арасындағы байланыс дәрежесіне дейін бағалайды.

Аудит барысында QS агенттігі тарапынан студенттер мен түлектер арасында сауалнамалар жүргізіліп, университет қызметінің жекелеген көрсеткіштері бойынша жұмыс кездесулері мен кеңестер үнемі өткізіліп тұрды және ұсынылған деректер тексеріліп, нақтыланып отырды.