Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Доха жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының басшылығымен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 28-29 қыркүйектегі Германияға ресми сапары кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Mercedes-Benz Group AG» компаниясының Катардың «Doha Institute of Graduate Studies» жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтымен ынтымақтастық тәжірибесін зерделеу және қолдану салаларын анықтау тапсырылды.
Кездесу барысында Саясат Нұрбек ҚР жоғары білім беру бағдарламасын таныстырып, Қазақстандағы жасанды интеллект және осы бағытты дамыту тақырыбына егжей-тегжейлі тоқталды.
Бұдан басқа, «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасына және «500 ғалым» жобасына ерекше назар аударылды.
«Педагогикалық ғылымды дамыту үшін ЖОО оқытушылары үшін педагогикалық бағыттар бойынша квоталар бөлінеді. Олар «Болашақ» бағдарламасы бойынша және «500 ғалым» жобасы аясында тағылымдамадан өтеді. Еліміздің ғылыми саласы мен қоғамдастығын жетілдіру үшін үлкен жұмыс атқарылуда. Қазір студенттік ғылымға баса назар аударып, нәтижелерін көріп отырмыз», - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Доха жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының президенті Абдул Ваххаб әл-Афанди Қазақстанның білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларына қызығушылық білдіріп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.
Айта кетейік, Доха жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты (DI) Катарда 2015 жылы Дохадағы тәуелсіз жоғары оқу орны ретінде құрылды. Институт екі мектепте магистратура мен докторантура бағдарламаларын ұсынады: Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі және экономика, басқару және мемлекеттік саясат мектебі. Институт студенттерге бағытталған оқыту тәсілін қолданады, пәнаралық зерттеулерге ықпал етеді. DI ең жоғары ғылыми, кәсіби және этикалық стандарттарды сақтай отырып, білімді кеңейте алатын және адамның өмір сүру жағдайларын жақсарта алатын зерттеушілер мен практиктерді шығаруға талпынады.